Бүгін Ислам әлемі үшін қасиетті Рамазан айы басталды. Биыл Рамазан айындағы ораза 29 күнге жалғасып, 5-шілде күні Ораза айтымен ұласады.
Рамазан айының ерекшелігі – бұл ауыз бекітетін, жалпыға ортақ ізгі амалдар жүзеге асатын маусым, яғни, бұл айда игі мұсылман қауымының бес парызының бірі – ораза ұстау басталады. Жалпы «ораза» сөзінің мағынасы – бір нәрседен алыстау, белгілі бір уақыт аралығында ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылу дегенді білдіреді. Ал оразаның парызы – ішіп-жеу мен құмарлық сезімдерден сақтану.
Биыл Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде өкіл имамдардың бірауыздан келісуімен Рамазан айында берілетін пітір садақа мөлшері 200 теңге болып бекітілді. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен бастап, Ораза айт намазына дейін беруге болады.
Қасиетті Қадір кеші – шілденің 1-нен 2-сіне қараған түн. Қадір түнінде мешіттерде таңға дейін рухани бағдарламалар ұйымдастырылады. Уағыз айтылып, Құран оқылып, жамағатпен дұға жасалады.