Биыл мемлекеттiк қызметкерлердi орындарымен алмастыру институты iске қосылды.
Бұл туралы ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi вице-министрi Нұрлан Ыбырайым министрлiкте өткен алқа мәжiлiсi барысында мәлiмдедi, деп хабарлайды BNews.kz.
«Бүгiнгi таңда елiмiзде еңбегiне қарай жалақы төлеу жүйесi енгiзiліп жатыр. Мемлекет басшысының Жарлығымен саяси қызметкерлердiң қызметiн бағалайтын лауазымды тұлғалар тiзiмi белгiлендi. Әкiмшiлiк мемлекеттiк қызметкерлер үшiн жеке жұмыс жоспарлары жасалады. Олардың орындалуына қарай жалақы төленедi. Және де кәсiбилiктi арттырып, қосымша бiлiм алу мақсатында әкiмшiлiк мемлекеттiк қызметкерлердi ротациялау (алмастыру) институты жетiлдiрiлiп, iске қосылды. Жыл басынан берi барлығы А корпусындағы 16 мемлекеттік қызметкер мен Б корпусындағы 8 қызметкер ротацияланды», – дейдi вице-министр.
Сондай-ақ, биылғы 1-жартыжылдықта Қазақстанда мемлекеттiк қызметтiң конкурстық iрiктеуге негiзделген мансаптық моделi енгiзiлдi.
Айта кетейік, бүгiн Мемлекеттiк қызмет iстерi министрлiгiнде министр Талғат Донақовтың төрағалығымен 1-жартыжылдықтың қорытындыларына арналған кеңейтiлген алқа мәжiлiсi өтiп жатыр.