Қазақстан Республикасының ұлттық брендін анықтайтын байқау 15-қазанға дейін ұзартылды.
Бұл туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Facebook-тегі жеке парақшасында хабарлады. Сонымен қатар министр өз жазбасына қосымша әлі іріктеліп алынбаған, кездейсоқ таңдалған бірнеше жұмысты ел назарына ұсынды. Тамашалай отырыңыздар!
„Құрметті достар! Қазақстан Республикасының Ұлттық брендін анықтау жөніндегі байқаудың Ұйымдастыру комитеті өтінімдер қабылдауды 2016 жылдың 15 қазанына дейін ұзарту жөнінде шешім қабылдады.
Байқауға қазіргі күнге дейін 260 жұмыс келіп түсті. Бұл жұмыстарға қарап, Ел даңқын асқақтатуға деген құштарлықты көруге болады.
Дегенмен, соңғы аптада министрліктің атына байқау мерзімін ұзарту жөнінде көптеген өтініш түсті. Олардың көпшілігі байқау туралы дер кезінде естіп үлгермегенін алға тартуда. Осы орайда біз көпшіліктің ұсыныс-тілегін ескергенді жөн көріп отырмыз„ деп жазды министр.