Нұр-Сұлтан
Қазір
21
Ертең
24
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Қазақстандық батыр-полицейлердің жұбайлары мен балалары Қытайға сапар шекті

1(1)Сөз басында айта кетейік, Аспан асты еліне қызмет бабында қаза болған сақшылардың жұбайлары мен ұл-қыздарын апарып, шежіресі 2 мың жылдан асып жығылатын елдің мұрасымен, салт-дәстүрімен таныстыру, үлкен қалаларын аралатып, көрікті жерлерін көрсету туралы ұсыныс алғаш рет 2015 жылдың ақпан айында Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов пен Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше жəне өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэймен кездесу барысында айтылған. Кейіннен еліміздің әр аймағынан қызметтік міндеттерін атқару кезінде опат болған сақшылардың жұбайлары мен балаларын Қытайға сапарға жіберу туралы екіжақты келісім жасалады.

Дәл осындай келісімді Ресей ІшкіІсМинімен мен ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі осыдан 20 жылдай бұрын жасаған. Қазақстан – Қытай елімен келісімге келген екінші ел. Өз кезегінде ҚХР да елінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде ауыр жарақат алған немесе қаза болған Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі қызметкерлерінің балаларын Мәскеу, Санкт-Петербор секілді даңқты қалаларға апарып, тарихи-мәдени ошақтарын аралап көрсетуді дәстүрге айналдырған.

Расымен де, Аспан асты еліне алты күнгі сапар тек қызықты болмай, сонымен қатар, таным-тағылымды әрі мазмұнды өтті. Шараны ұйымдастырушылар – ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің өкілдері сапар бағдарламасына балаларға қызықты жерлерді ғана емес, ел тарихымен таныстырар, үлкенді де тамсандырар саяхатты қамти алыпты. Сол себепті бұл сапардың қазақстандық қонақтардың есінде ұзаққа қалары сөзсіз.

Қазақ елінен Қытайға аттанған делегацияның құрамында басы-аяғы 20-дан астам адам болды. Оның ішінде, Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың, қарағандылық жол сақшысы, 2008 жылы елордаға жолға шыққан автобус толы балалардың өмірін аман алып қалам деп, опат болған Қайрат Жұмабековтің, осыдан бес жыл бұрын Ақтөбенің Шұбаршы елді мекенін ғана емес, дүйім жұртты шулатқан қылмыстық топты қолға түсіру кезінде жалғыз оқ ғұмырын қиып кеткен «Арлан» арнайы жасағының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Руслан Жолдыбаевтың, аса қауіпті қылмыскерді құрықтау кезінде мерт болған Алматы қалалық ішкі істер департаменті, патрульдік полк полициясының аға сержанты Ғалымжан Әбдіровтың, қанды қарашада қандықол қарақшының қолынан көз жұмған жамбылдық жампоз, мемлекеттік күзет қызметі басқармасының полиция аға сержанты Полат Аянқұловтың, 2008 жылы қызметтік міндетін атқару кезінде қайтыс болған керекулік тәртіп сақшысы, Қашыр аудандық ішкі істер басқармасының қызметкері, полиция капитаны Фарид Какабаевтың, «Кеңқияқтағы қырғын» деген атаумен ел есінде қалған қанды оқиға кезінде Ақтөбе жерінде жер жастанған «Сұңқар» арнайы мақсаттағы жасақтың бөлім бастығы, полиция майоры Айболат Иманбаевтың, қызметтен тыс уақытта жүрсе де көршісіне көмекке келем деп, ажал құшқан Шу стансасындағы желілік ішкі істер бөлімінің қызметкері, полиция аға сержанты Рахат Амантаевтың, 2012 жылы 18-қаңтарда қаңырап бос қалған ғимарат ішін тексеріп жүріп, бір ессіздің мылтығынан атылған оқтан жедел жәрдем көлігінде көз жұмған Көкшетау қалалық ішкі істер бөлімінің жедел уәкілі, полиция лейтенанты Қайрат Жүсіпбаевтың, 40 жасында қаныпезердің атқан оғынан қаза болған Алматы облыстық ішкі істер департаментінің «Арлан» арнайы жасағының аға инспекторы Ержан Ахметовтің отбасы мүшелері бар.

Қазақстаннан алғаш сапарға шыққан делегацияны бастап барған ҚХР-дың Қазақстандағы елшісінің кеңесшісі, еліміздегі ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің өкілетті өкілі Дай Сюйкуй екі елдің ішкі істер органдары батырларының жұбайлары мен балаларынан құралған топты шақыру, арнайы тағылымды сапар ұйымдастыру Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсетінін атап өтті.

«Бұған дейін осындай сапарлар тек Қытай мен Ресей арасында ғана ұйымдастырылып келді. Одан басқа бірде-бір елмен мұндай келісім жасалмаған болатын. Бір жарым жыл бұрын мені ҚХР-дың Қазақстандағы елшісінің полиция істері бойынша кеңесшісі ретінде тағайындады. Сол кезден бастап осы игілікті істі Қазақстан Республикасы ІшкіІсМинімен жаңғырту туралы идеяны алға тартып келдік. Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов бұл ұсынысымызды қабыл алып, биыл, міне, ойымыз жүзеге асып отыр. Бұл сапардан қазақстандық делегацияның әр мүшесі, аналар да, балалар да үлкен әсер алды деген ойдамын. Себебі, мұндай бастамалар, кездесулер мен жүздесулар екі ел халқының арасындағы достықты нығайтып, сыйластықты арттыра түседі.

Бейбіт күн батырларының ұл-қыздары осы салтты одан әрі жалғастырып, аға ұрпақтың салып берген жолын жалғастырар, терең білім алып, болашақта Отанын гүлдендіруге өз үлесін қосар деген сенімдемін. Және де бұл сапардың соңғы болмайтынына да сенім мол», – деді ол.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз