Қазақстандағы туризмді қырғыз, өзбек «иемденіп» алыпты

88 просмотров

Отандық туроператорлар өздерін өзбек, қырғыз, қытайлық гидтерден құтқаруын сұрап отыр.

Бұл туралы КТК хабарлайды.

Олардың айтуынша, кенеттен тап болған компаниялар «нанына ортақтасып», туристерді көз алдында әкетіп жатқан көрінеді. Онымен қоймай, сырттан келетіндерге Алатау бөктерін өздері аралатып, ал одан түсетін қаржыны қалтасына басады екен. Құрылысты қойып, енді қазақтың тауларын табыс көзіне айналдырған көршілерімізді Аруна Ортай көзбен көріп қайтты.

Бір топ жапондық Алатаудың сұлулығына көз тоймай, тамсана тамашалап тұр. Ал шыршалы жерді шетелдіктерге басқа емес, қырғыз азаматтары қыдыртып жүр. Осылай бір емес, талай мәрте көрші елдің гидтері отандық турагенттіктердің алдын орап, шетелден келетін қонақтарды өздері қарсы алып жатыр екен.

Әйгерім Тілепбергенова, туристік компанияның директоры:

— Музейлерге, Шымбұлаққа, Медеуге барып көрсеңіздер өздеріңіз де көздеріңізбен көресіздер, шетелдік азаматтар еркін түрде бізде жүріп, біздің елдің жердің тарихын дұрыс білмей соны қалай болса солай жеткізуде.  Қараптан қарап біздің жеп отырған нанымызды аузымыздан жырып әкетіп жатқандай болып тұр.

Отандық туропертарлар әккі әріптестерін бірнеше рет тәртіп сақшыларына ұстап берген де екен. Алайда қулығына құрық бойламайтын компаниялар туристерді лезде туыстарына айналдырып құтылып кетеді екен.

Әйгерім Тілепбергенова, туристік компанияның директоры:

— Ол айдаладағы шетелдік азамат қалай қытайға, қырғызға, өзбекке туыс бола алады? Біздің құзырлы органдар соған көз басып қарайды енді. Туыс екеніне сене салады жәй айта салғанына.

«Туризм» туралы Заңға сәйкес туристерді қыдыртуға тек отандық компаниялар ғана құқылы екен. Алайда, «дайын асқа тық қасық» болғандар тым көбейіп кеткен. Туристерді қонақ үйлердің алдынан тосып алып, көрікті жерлерімізге апаратын көрінеді. Сорақысы сол, меймандарды аралатқан мигранттар тарихымызды ойдан құрап айтып жатыр екен. Ал бұл жайттан барлық құзырлы орын хабардар. Десе де, тиісуге бата алмапты. Тек отандық туроператорлар өтініш түсірген соң ғана барып қимылдаған.

Әсет Шаяхметов, Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

-Ия, бұл жағдайдан біз хабардармыз. Шетелдік гидтер мен туроператорлар заңсыз біздің жерімізде табыс тауып жатыр. Қазір құзырлы органдармен бірлескен тексерулерді бастағалы отырмыз. Нәтижесін жақын уақытта хабарлаймыз.

Құрылыс нысандарын қойып, енді туризмге көз тіккен мигранттарға қандай шара қолданылатыны әзірге белгісіз. Олардың осы уақытқа дейін тапқан табысы ел қазынасына қайтарыла ма, ол жағы да беймәлім.

Загрузка...