Қазақстанның төрт облысында сібір жарасын жұқтырған 14 адамның 8-і ауруханадан шықты. Тағы 6 адам стационарда ем қабылдап жатыр.
Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық көмек көрсету департаментінің директоры Бауыржан Байсеркин мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат.
– 2016 жылдың 8 маусымы мен 8 шілдесі аралығында Қазақстан бойынша 16 адам түйнеме жұқтырған. Алматы облысында үш адам, Шығыс Қазақстан облысында екі адам, Қарағанды облысында сегіз адам (өкінішке қарай, екеуі қайтыс болды), Павлодар облысында үш адам осы аурумен ауырған. Аман қалған 14 адамның сегізі қазір ауруханадан шыққан, тағы алты адам стационарда ем қабылдауда, – деді Бауыржан Байсеркин.
Жағдайлары өте ауыр болған Павлодар облысының екі адамының жағдайы жақсарған, тағы бір адамның жағдайы тұрақты. Сондай-ақ, осы адамдармен байланыста болған 301 адам толық медициналық зерттеуден өткен.