Қазақстанда қазақ тілін менсінбейтін әлі қанша мекеме бар?

273 просмотров

Алматыдағы Қазақ көз аурулары ғылыми зерттеу институты күндізгі стационары қабырғасындағы қателер өріп жүрген мемлекеттік рәміздері туралы стенд алынып тасталды. Бұл туралы кaz.365info.kz сайтында жарияланған сыни мақала астына аталған мекеме пікір қалдырды.

Сайтымыздағы „Сұмдық қой мынау! Алматыдағы көз ауруларын зерттеу институты қазақты масқара етуде„ деген мақала астына „КазНИИ глазных болезней„ деген атаумен жазба қалдырушы өз мекемесіндегі масқара жайтты аңғарған тілшіге алғысын білдіріп, абайсызда жіберіп алған олқылықтарын түзейтінін айтады.

Сондай-ақ мекеме басшылығы: „… Бұл жағдай қарастырылып, өзге ұлттың жас қызметкерлерінің бастамашылығымен жасалған стендте орын алған қателер жөнделіп, қажетті шаралар қолданылды„ деп түсініктеме береді.

Снимок экрана от 2016-07-07 11:50:31

Дер кезінде қатесін түзеген мекемеге де біз өз атымыздан алғыс білдіреміз! Қол астындағы жауапсыздарды жазалаған жауапкершілігі бар мекеменің бұл әрекетін біз өзгелерге де сабақ болса дейміз.

Әрине, қазақшаны түзегенді үлгі ету артықтау, бірақ осылайша халықтың тілі мен мұңын ұқпай жүрген орысша мемлекеттік қызметкерлер мен шенеуніктерді қазақшалатып жіберсек, қандай игі іс болар еді?

Бастысы, бұл арада мінімізді түзейтін қоғамдық талқы және жеке бастың құқығын талап ете білу үлкен рөл атқарғанын баса айтқымыз келеді. Мысалы, егер 31-арнаның тілшісі Ирина Советжанқызы бұл масқара фактіні тіркеп, өз Фейсбугіндегі жеке парақшасына жарияламаса, оны көріп, біз үн қатпасақ, оған қоғам наразылық танытып, қызу талқы жүргізбесе, Алматыдағы Қазақ көз аурулары ғылыми зерттеу институтының күндізгі стационары қабырғасына ілінген мемлекеттің рәмізі туралы қазақстандықтардың құқығын таптап, әжуалайтын қойыртпақ мәлімет әлі де ілініп тұра берер ме еді, қалай?..

Бұл ретте әлеуметтік желідегі жазбалардың кейбіріне тоқтала кетуді жөн көріп отырмыз. Өйткені сыни мақаланы талқылаушылар бір мекеме жіберген қатенің әлеуметтіктен бастап саяси астарына дейін үңіліп көріпті. Әрине, ондай ойлардың да ықпалы зор болғаны сөзсіз.

Жасасын ұлтсыздарға арналған google-аударма!

Мысалы, әлеуметтік желіні қолданушылардың бірі көз институты жіберген бұл қателікті Алматы әкімдігінің бетіне салық еткен.

„Алматы қаласы әкімінің идеология саласы бойынша орынбасары Арман Қырықбаев пен ішкі саясат басқармасының бастығы тексеру жіберіп, дереу шара қолдану керек. Масқара… Арман Қырықбаев ДОПР-да директор болып қызмет атқарып жүргенде осы заң жобасын Парламенттен қалай өткізгенін ұмытпаған шығар„ — дейді ол.

Ал тағы бірі: „Үш тұғырлы тілдік жүйеге өтсек, бұдан да сорақысын кейінгі ұрпақ жасайтын болады„ деп ұлтты басынуға қазірден жол бермеу керектігін астарлап жеткізеді.

Сол секілді тағы бір әлеуметтік желіні қолданушы:

„Қазақ тілі орыс тілділер үшін бір басы артық нәрсе болды! Олар амалдың жоқтығынан қазақшалап айтқанда Құдайдың зорлығымен әйтеуір „гуглға„ салып бір нәрсе қылып қазақшасын жаза салады да, орысшасын бүкіл ниеттерімен, мәдениетті сөздерімен, махаббатпен жазып шығады!!„

деп салған. Шындығында да бұл өмірімізде орын алып жатқан ақиқат . Қазақстанда қазақ тілін менсінбейтін әлі қаншама мекеме бар?

Ең бастысы, әлеуметтік желіні қолданушылар бұл арада қателіктің бар кілтипаны гугл екеніндігін бір ауыздан жорамалдап, қатты ашынған. „Тисе терекке, тимесе бұтаққа„ деп лажсыздан, қазақ тілін менсінбей интернет арқылы тегін аудара салу тек ұлтсыздардың ісі деп бағалайды олар.

Ал ұлтсыздар үшін „жақсы қызмет көрсетіп отырған„ google-аударманы жазалай алмайтындығымыз, әрине өкінішті. Бұл енді өз алдына бөлек талқы тақырыбы…

 

Загрузка...