Павлодар обылысында Орталық – Шығыс автобаны құрылысының жұмысшылары айлықтың төленуін талап етті. Жұмысшылардың айтуларынша, 450 адам үш айдан бері жалақы алмаған.
Қызылорда – Павлодар – Успенка – Ресей шекарасы күре жолының 25 шақырымдық бөлігінде қайта қалпына келтіру жұмыстары тоқтатылды. Жұмысшылардың көбі қайтып кетсе, қалғандары ақша күтіп вагондарда тұрып жатыр.
«Барлығының бала-шағасы, несиесі, мектепте оқитын балалары бар. Павлодарда құрылыс мерзімі онсыз да көпке созылмайды, ал жұмыс бір айдан бері тоқтап тұр. Не жұмысты жалғастыра алмаймыз, не ақшамызды ала алмаймыз», – деді Азаттыққа механик Николай Лаптев.
Жолдың осы бөлігіндегі құрылысты «Қазавтожол ҰК» тапсырысымен «Автодорсервис» фирмасы салып жатыр. Жұмысшылардың айтуларына қарағанда, аталған мекемелердің басшылары қазір бір бірімен соттасып жүр.