Қазақстанда 16 мыңға жуық адам жат діни ағымдар жетегінде жүр

210 просмотров

Елімізде жат ағым жетегінде 15-16 мың қазақстандық кеткен. Бұл туралы  ҚР МСМ Дін істер комитетінен Балғабек Мырзаев мәлім етті.

Бұл туралы КТК хабарлайды.

«Бейресми деректер бойынша  15-16 мыңдай адам. Оның ішінде такфиристер, жиһадистер деп түрлі ағымдарға бөлініп жатады. Ал Сирияға 500-ге жуық адам кеткен. Сондықтан біз осы мәселелердің барлығын зерттеп, талдап, олардың теріс бағытқа кетуіне не себеп екендігін жан-жақты сараптаудамыз. Қазірдің өзінде «Ақ-ниет» оңалту орталығы жат ағым құрбандарымен жұмыс жасауда», — деді Б.Мырзаев.

Имамдардың айтуынша, бүгінде мешітке келетін жамағаттың 85-90 пайызы жастар. Ал жалпы еліміздегі рухани ізденіске түскен жандар  ғаламтор  арқылы жат ағымдардың  уағыз-насихатына иланып жатады.

«Бұл ұлттық проблема. Себебі қаншама қаракөздеріміз темір торға тоғытылып, тағдырлары талқандалып жатыр. Енді осы олқылықтың орнын толтырып, бұдан кейін өзгелердің жат ағым құрбаны болмауы үшін жан-жақты еңбек етуіміз маңызды», — деді Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, профессор Шамшәдин Керім мырза.

Айта кетейік, Нұр-Мүбарак университетінде «Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институты» ашылды. Осы жағдайларды ескере отырып, алдағы 1-2 жылда 200-300-ге дейін маман қайта даярлау курсынан өтпек.

 

Загрузка...