Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қытай Халық Республикасының Қырғыз Республикасындағы елшілігіне жасалған шабуылға байланысты мәлімдеме жасады.
Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Лаңкестік акт ретінде танылған Қытай Халық Республикасының Қырғыз Республикасындағы елшілігіне жасалған шабуылды үзілді-кесілді айыптаймыз. Аталған қылмысты егжей-тегжейлі тергеу мен кінәлілерді жауапкершілікке тартуда қырғыз тарапының жігерлілігін қолдаймыз.
Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселелерінің өзектілігіне қайта назар аударудамыз. Лаңкестіктің кез-келген нысандары мен көріністеріне жол берілмеуі тиістігін мәлімдеп, аталған зұлымдыққа қарсы халықаралық күш-жігерді біріктіруге шақырамыз», – делінген мәлімдемеде.