Қазақстан мен Қырғыз елі арасындағы „Токмок-авто„ өткізу бекеті 25-қыркүйектен 25 қарашаға дейін жабық болады.
Оған басты себеп – бұл жерде күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуі деп хабарлады ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің баспасөз қызметі.
„Биыл 21-қыркүйекте Қазақстанның шекара қызметіне Қырғыз Республикасының Шу облысындағы шекара өкілдерінен хат келіп түсті. Онда өткізу мүмкіндігін арттыру мен бекеттегі жағдайды жақсарту мақсатында Қордай шекара отрядының „Сарытөбе-авто„ өткізу бекетіне қарама-қарсы „Токмок-авто„ өткізу пунктіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетіні айтылған. Осыған байланысты бұл бекет биылғы 25-қыркүйектен бастап 25 қарашаға дейін жабық болады.
Мұнда құрылыс жұмысы аяқталған соң, Қордай шекара отряды „Ауқатты-авто„ өткізу бекетіне қарама-қарсы орналасқан „Кенбұлын-авто„ бекетінде құрылыс жұмыстары жүргізілмек. Ал оның жабылуына қатысты мәліметті сол кезеңде жариялайтын боламыз„ делінеді арнайы баспасөз хабарламасында.