Қазақстан билігіне әйел келсе, ол кім болуы мүмкін?

86 просмотров

Өткен апта соңында Санкт-Петербургте болған ХХ-шы халықаралық экономикалық форумда Нұрсұлтан Назарбаевтың “болашақта Қазақстанды әйел адам басқара ала ма?” деген сұраққа қатысты жауабын БАҚ пен әлеуметтік желілер қызу талқылап жатыр.

Аталған форумда модератор, CNN жүргізушісі Фарид Закария қойған бұл сұраққа Елбасы: «Қазақстанда әйел адам президент бола алмайды деп кім айтты? Әбден мүмкін. Қазақстанда халықтың 51 пайызы – әйелдер. Гендерлік саясат қалыпты дамып жатыр. Парламенттегілердің 30 пайызы – әйелдер. Үкімет құрамында бірнеше әйел бар. Сондықтан әбден мүмкін, соған дайындалған әйелдер де бар. Үш қызым бар, сондықтан мен әйелдерге ерекше көзқарастағы адаммын», – деп жауап қатқан болатын.

Елбасының бұл жауабына қатысты ресейлік агенттік — Риа Новости мамандардан пікір алған. Олардың бірі „Қазақстанда президент әйел болса, оған Дариға Назарбаева лайық„ десе, тағы бірі „мемлекет басшысының бұл сөзі Қазақстан билігіне бүгін-ертең әйелдің келетінін білдірмейді, бұл жалпылама жауап„ — дейді.

Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы сараптама орталығының директоры Андрей Казанцева:

— Егер Қазақстанның президент тағына әйел адам жайғасса, онда бұл арада Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарабаеваның мүмкіндігі жоғары. Ол қазір үкіметте жоғары шендегі шенеунік. Парламентте, қоғамдық ұйымдарда да жұмыс істеген. Оның кәсіби білігі жоғары.

ТМД елдері институты директорының орынбасары Владимир Евсеев қазір мұндай болжам жасаудың өзі Қазақстанға қауіпті деп санайды.

— Әрине, сұрақ қойғанда Дариғаны нысанаға алғаны белгілі. Бірақ жауаптан таңдау тура соған түсіп отыр деп кесіп айтуға болмайды. Қазір Қазақстандағы жағдай өздеріңізге белгілі, сондықтан мұндай мәлімдеме жасау ешкімге керегі жоқ. Түрлі жағдай болып кетуі ықтимал ғой.

Бұл — ресейлік БАҚ-та келтірілген дәйектер. Ал әлеуметтік желіні қолданушының бірі Қазақстанда әйел президент болса, оған бірден-бір лайық тұлға Зәуреш Батталова ханым деп санайды екен.

„Қазақстанда Президент болуға лайық әзірге бір әйел бар! Ол кісінің аты анау-мынау әңгімемен былғанбаған, ақша мен қызмет секілді баянсыз дүниеден бойын алшақ ұстайтын, xалықтың жайын жұрт алдында ұпай жинау үшін емес, қабырғасы қайыса шын ойлайтын, байсалды, бірмінезді, күрескер, шыншыл Зәуреш Батталова xаным! Қалғандары Президент болу үшін Батталова жүріп өткен жолды жүріп өтуі қажет!„ депті Фейсбуктегі жеке парақшасындағы жазбасында Дина Елгезек.

Загрузка...