Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
-3
USD
447
-1.37
EUR
482
-1.65
RUB
4.84
-0.02

Қазақстан қандай боп кетті, өзі? Полицейлер мен соттарға неге ешкім сенбейді?

Күнде теледидардан парамен ұсталған шенеуніктердің куәсі боламыз. Онда да оларға билік ерекше құқық беріп, жұмсақтық жасап қойған. Жеген ақшасының белгілі бір көлемін бюджетке қайтарған шенеунікті бізде қоя береді! Ал сотталғандарының кейбірі мерзімінен бұрын босап, азаттықта жүргенін де білеміз.

Бұл – сыбайлас жемқорлықтың барлық салаға дендеп енгенін білдіретін бір факт.

Жемқорлар елінде полицияның да, соттың әділ болуы мүмкін емес

Кеше ғана Елбасымыз азғындарды химиялық жолмен піштіретін заңға қол қойды. Әрине, бала тәніне елітушілер өте қатаң жазаға лайық. Алайда сыбайлас жемқорлық кеңінен етек алған біздің елде жазықсыз адамдардың да бұл үкімге ілініп кетуі әбден ықтимал ғой. Соның бір дәлелі ретінде осы заң шыға салысымен, жақында бір әйел шырылдап, КТК телеарнасына сұхбат берді. Онда да айыпталушы емес, зардап шегуші тарап.

Ол әйелдің айтуынша, бұл оқиға көлік жуатын орынның бір бөлмесінде болған. Шалбарын түсіріп 5 жасар балақанның алдында тұрған жұмыстасының үстінен түскен бозбала бұл жайтты баршаға жеткізеді. Алдында куәгер ретінде тартылған осы бозбала артынан айыпталушымен бірге темір торға тоғытылған.

Әрине, құқық қызметкерлері одан қорқытып-үркітіп ақша талап еткені анық. Ал әділдікке, өзінің ақ екеніне сенімді ол ақша бермеген. Есесіне айыпталушымен бірге куәгер оны да құқық қызметкерлері “кінәлі” етіп көрсетіп, түрмеге “айдап” жіберген.

Бұл — бізде жазықсыздарға қатысты бір факті емес. Оның барлығын тізбелеп жатудың қажеті болмас. Ал, тағы бір қорқынышты жайт — қазір саясаткерлердің ату жазасын күшіне енгізуді талап етуі.

Әрине, нағыз қылмыскерді атқан дұрыс та шығар.

Бірақ бізде жазықты болса да, ақшалылар жазаға тартылмайды ғой.

Оның тағы бір ашық көрінісі — 6 адамды қағып, біреуін өлтірген Мақсат Үсеновтің ісі. Бұл оқиғадан хабарсыз бірде де бір қазақстандық жоқ шығар. Кісі өлтірсе де, адамдарды қаққанда жүргізу куәлігінен айырылған болса да, ол сотталмады. Тек 42 тәулікке қамалып, босап кете барды. Ресми мәлімдемеде “тараптар өзара ымыраға келді” делінді. Яғни, ымыра – ақша берді деген сөз емей, немене?

Жалпы, Мақсат Үсеновтің тұзы жеңіл екен. Ісі баршаға аян болып, масқарасы шықты. Ал бізде дымын білдірмей істі жаптырып жатқандары қаншама? Міне, осы жолмен ақшалылар ату жазасынан да, піштіру жазасынан да оп-оңай құтылып жүре береді. Ал оның орнына біреуді кінәлі ету керек қой. Сондықтан жазықсыз біреу сорлайды. Ал кінәсіздігі анықталса, атылып кеткен адамды қалай қайырамыз? Піштірілгенге мүшесін қалай түзеп береміз?

Мұрат Әбенов

Мұрат Әбенов

Біздегі заңдардың қалай жасалатынын, жүйенің қалай жұмыс істейтінін өз көзімен көріп, қолымен ұстап көрген кезіндегі депутат, кейіннен білім вице-министрі болған Мұрат Әбеновтің өзі де ату жазасына үзілді-кесілді қарсы болып отыр. Өзінің Фейсбуктегі жеке парақшасында жақында ол:

“террористердің тізімінен қайта-қайта қателіктер табылып жатқанда ондай қадамға баруға болмайды. Жазықсыз адамдар өлім жазасына тартылса, ол қатені түзету мүмкін емес. Ол бүкіл қоғамның мойындағы ауыр күнә болып қалады”, – деп жазды.

Бүгінгі күннің фактісімен шектелген саясаткер, әрине байқастайды.

Шынымен де іздеудегі лаңкестердің суреті жарияланған тізімнен Ақтөбе облысы Жаңажол орта мектебінің сантехнигі Самат Қожаниязов өзінің аты-жөнін көріп шошып кеткен. Ол ол ма, көзі жойылды деп берілген лаңкестердің суреті ішінен тірі адам анықталған. Бейнесін көрген ақтөбелік Данияр Уайысов өзінің тірі екенін білдіріп, баршаға интернет арқылы видео жариялауға мәжбүр болған. Екі жағдайдың бірінде құзырлы орган шатастық десе, екіншісінде ол тізімнің өздеріне қатыстары жоқ екенін айтып, ақталған. Ал егер ату жазасы енгізілсе, бұл адамдар жазықсыз болса да өмірлерімен қош айтыса беруге мәжбүр болушы ма еді?

Байлар байығанның үстіне байып, кедейлер кедейлене түсуде

Қалай дегенмен де елімізде адамдар жазықсыздан жазықсыз күймес үшін бүтін жүйеге “инъекция” жасау керек. Саясаттанушы Уәлихан Төлешовтің айтуынша, мемлекеттің басқару моделі өзінің тиімсіздігін танытып, барлық потенциалын сарқыды.

– Жер дауы мен Ақтөбедегі оқиға – соның айғағы. Қазақ жеріндегі трагедия мұнымен тыйылмайды. Егер мемлекеттің басқару моделін өзгертпесек. Мұны біздегі билік те, халық та іштей жақсы түсініп, митингіден кейін бір-бірінің қимылын байқастап отыр. Капитализм жеке тұлғаның құқығы мен бостандығын қамтамасыз ететін жүйесіз алға жылжи алмайды. Бірақ бізде олай жасалмады. Керісінше, жеке тұлғаның құқығы мен еркіндігін шектелді. Ал құқық пен еркіндік баршаға бірдей болмаған жағдайда капитализм мен демократияның болуы мүмкін емес. Әрине, берілген артықшылыққа сәйкес, мемлекеттік ресурстарға ең бірінші болып биліктің маңайына шоғырланғандар қол жеткізді. Міне, солар халыққа емес, олигархтарға тиімді жердің жекеменшік жүйесін құрды, – дейді саясаттанушы.

Сондай-ақ, саясаттанушы біздегі жер қатынастарына қатысты барлық жүйе олигархиялық экономиканың және авторитарлық басқару тәсіліне сай жасалғанын қадап айтады. Ал бұл дегеніңіз капитализм мен демократияның нағыз жаулары.

– Міне, солар президенттік авторитаризмді бекіткен заң мен конституцияның арқасында адамдарға кәсібін өркендетуге мүмкіндік бермей отыр. Бұл жүйе жекеменшікті қадағалайды, егер оның бизнесі табысты болса, оны тартып ала алады, немесе сатуға мәжбүрлей алады. Сондықтан да

Қазақстанда байлар байығанның үстіне байып, кедейлер кедейлене түсуде.

Әрине, мұндайда әділдік туралы сөз етудің өзі артық, – дейді.

Ал бұл мәселенің шешімі, саясаттанушының пікірінше, біреу-ақ. Ол үшін мемлекеттік басқару моделін өзгерту керек!

photo_78160

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз