Қазақстанға төртінші мұнай өңдеуші зауыттың қажеті жоқ — ресейлік сарапшы

20 просмотров

Астанада өтіп жатқан „Орталық Азиядағы мұнай өңдеу және мұнай химиясы„ атты ІІІ халықаралық конференцияда сарапшылар 2018 жылға қарай 2 млн тонна көлемінде бензиннің профициті жағдайында елімізде төртінші мұнай зауытын салудың қажеттілігі жайын талқылады.

BNews.kz келтірген мәліметке сүйенсек, конференцияға қатысушы сарапшылар Қазақстанда алдағы 15 жылда төртінші мұнай өңдеуші зауытты (МӨЗ) салудың маңызы жоқ деп мәлімдеген.

— Елдегі үш МӨЗ жаңғыртудан өтіп және жаңа қондырғылар өндірістік қуаттылыққа көшкен соң 2018 жылға қарай отын тапшылығының орнын артық өндіру алмастырады. Әрі бұл артық өндіру айтарлықтай: бензин бойынша – 2 млн тонна, дизель бойынша – 1,5 млн тонна және керосин бойынша 400 мың тонна болады.

Бұл өте үлкен көлем, әрі экономикалық өсімге қатысты салыстырмалы түрде байыпты алғышарттар тұрғысынан қарар болсақ, онда бұл артық өндірілген өнім 2030 жылға дейін сақталып қалады, – деді «Петромаркет» ресейлік зерттеу компаниясының директоры Иван Хомутов.

Шетелдік сарапшының пікірін ҚР Энергетика министрлігі де қолдады.

— Шынтуайтына келгенде жаңғыртудан өткен үш МӨЗ ішкі нарықты 100пайызын қамтамасыз ете алады. Олар жаңғыртылған соң импортқа тәуелділіктен құтыламыз. Төртінші МӨЗ алдағы уақыттағы өсімді есепке алып қарастырылған болатын. МӨЗ салу өте ұзақ шаруа, ол мәселені шешу керек. Төртінші МӨЗ бойынша мәселе жан-жақты зерттелу үшін кейінге қалдырылды және оған әлі оралатын боламыз, — деді министр.

Екінші жағынан, вице-министр Ауғанстан, Қырғызстан және Тәжікстан секілді елдерден қазақстандық мұнай өнімдеріне үлкен қызығушылық барын айтып, экспортты даму мүмкіндігін атады.

Загрузка...