Нұр-Сұлтан
Қазір
15
Ертең
22
USD
448
-1.49
EUR
478
-0.38
RUB
4.76
0.00

«Қазақша сөйлеңдер, қазақша…». Онлайн отырыста орысша міңгірлеген Үкіметке халық осылай деді

ҚР Премьер-министрі сайтынан тікелей эфирден берілген Үкіметтің бұл отырысы әлі де жалғасын табады дегенге сенім білдіргендер көп болды. Өйткені министрлерге тікелей сұрақтар жолдау мүмкіндігіне ие болған әлеумет үшін онлайн трансляция уақыты аздық еткендей.

Жаңа Үкімет басшысы – Бақытжан Сағынтаев пен оның орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтың тілеуін тілегендер  жетерлік болды. Бастысы, интернеттегі қауым осы екі тұлғаны қазақтың мәселесін шешетін нағыз азаматтар секілді қабылдады.

Әрине, қуаныштан тыс, бұл арада біраз “әттеген-айлар мен сан қаптырған” тұстар да болды.

Ол – жиналыста сөз алған министрлердің орыс тілінде көбірек сайрауы. Ал мемлекеттік тіл – қазақ тілі тұсаулы ат секілді, баяндаманың басы мен аяғында бір реттен шошаңдап, төбе көрсетті, болды…

“Қазақша, қазақша сөйлеңдер!” деп басталған талап жаңа құрамдағы Үкімет отырысының онлайн трансляциясы аяқталғанша жалғасты.

Бұл орынды да. Қазақ елінде қазақ тілінде мағлұмат алуға Қазақстан азаматтарының Конституция бойынша толықтай құқығы бар. Сондай-ақ, басқасын қайдам, нарық заманында сұранысқа қарай жұмыс істеу керектігін Үкімет мүшелері жақсы біледі. Сондықтан болашақта осы сұранысты министрлер қанағаттандырады деп сенеміз.

Әрине, тікелей байланысқа шығу мүмкіндігі туып тұрғанда министрге нақты сұрақ қою абзал ғой.

Бірақ әлеуметтік желі қолданушыларының басым бөлігі жеке мәселесінен гөрі, ұлттық мәселені жоғары қойды. Билік қазақша сөйлесін деген талап бүгін ғана туған жоқ, көптен бері ел ішінде қайнап жүргені белгілі. Тек орайы келгенде, Үкіметтің алдына әдемілеп жая салды.

Соны Үкімет ескерсе дейміз. Бұл назар аудармай, айналып өтетін дүние емес. Өйткені бұл талаптың артында қалың бұқара тұр.

Кабинетте отырған министрлер мен қара халықтың менталитеті һәм көзқарасы бөлек. Егер жұртқа жақындай алса, Үкіметтің ісі дөңгеледі дей беріңіз.

Бар мәселе осы жақындықтың жоқтығында. Әдейі жақындағысы келмейді ме, әлде жақындасуға қорқа ма, ол жағын білмедік. Білетініміз, әр нәрсенің өз реті бар секілді, Үкімет те ең алғашқы ісін неден бастауы керектігін ұққысы келген.

Қазір жаңадан құрылған Үкіметке қойылған басты әрі ең бірінші талап бар: Істің адамы екенін дәлелдегілері келсе, олар ең алдымен жұмыс беруші елдің мемлекеттік тілін үйреніп, халқын сыйлайтынын дәлелдеуі керек!

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз