Ақтөбе облысының басшылығы Ақтөбеде террористік акті салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына материалдық көмекті ұлғайту туралы шешім қабылдады. Оларға 5 миллион теңгеден бөлінді. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
5-маусымда Ақтөбе қаласында белгісіз біреулер екі қару-жарақ дүкеніне және әскери бөлімге қарулы шабуыл жасады. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, шабуылға қатысушылардың көпшілігі ұсталды. Алты адам әлі іздестіріліп жатыр.
Теракт салдарынан 7 әскери және бейбіт тұрғын қаза тапты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына облыс әкімдігі барлық қажетті көмекті көрсетіп жатыр.
Қаза болғандардың арасында «Паллада» қару-жарақ дүкенінің 44 жастағы сатушысы Андрей Максименко, 69 жастағы зейнеткер Николай Онищенко бар. Олар қылмыскерлердің кездейсоқ құрбандары болды. «Күзет» қызметкері 35 жастағы Мерхан Тәжібаев қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапты.
Осы қайғылы оқиғаға байланысты, бүгін – 9-маусым елімізде қаралы күн деп жарияланды.