Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау тетіктерін қайта қарастыру қажет

42 просмотров

Бүгін Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында өтiп жатқан Жер реформасы жөнiндегi республикалық комиссияның көшпелi отырысында «Агрофирма TNK» ЖШС-ның атқарушы директоры Алмас Сейітқазинов ауыл шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларды қайта қарастыруды ұсынды.

 

«Агрофирма TNK» ЖШС-ның негізгі өндірісі Жақсы ауданында орналасқан. Егістік алқабы 200 мың гектарға жуық жерді алып жатыр. Біз алатын өнімдердің бәрі өңделеді. Мал шаруашылығымен айналысамыз. Жалпы алғанда, Жер кодексіне енгізілген түзетулер халықтың мүддесіне сәйкес келеді деп есептейміз. Оған сәйкес, жерді шетелдік азаматтарға сату жайы мүлде қарастырылмаған. Бірақ табиғи-климаттық жағдайлар мен депрессиялық аумақтарды ескере келе, белгілі бір әлеуметтік міндеттемелер жүктей отырып, бұл мәселені бүге-шігесіне дейін зерттеу керек деп есептейміз»,- деп бастады өз сөзін «Агрофирма TNK» ЖШС атқарушы директоры.

Сонымен қатар ол жер мәселесі жөніндегі комиссия отырысы барысында талқыланып жатқан бірқатар мәселелер алаңдатып отырғанын ашық жеткізді.

— Біріншіден, жерді жеке меншікке беру. Осы тұрғыда жеке меншік болу керек деп санаймыз. Қазір талқыланып жатқандай, жерді тартып алу және басқа да әрекеттер арқылы жерге құйылған қаржыдан, жақсы мамандардан айырылып қалуымыз мүмкін. Осы сұрақ оң шешімін таппайынша инвестиция тарту мәселесін шешу мүмкін емес, — деді АлмасСейітқазинов.

Екіншіден, жеке кәсіпкер ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерді бақылау, мониторинг жүргізу жұмыстары күшейтілуі керек деп санайды. Егер мемлекет есебінен бір рет жерге агрохимиялық тексеріс жұмыстарын жүргізіп, кейін ол жұмыстарды жыл сайын меншік иелерінің есебінен жүргізіп тұрса, бұл жердің құнарлылығы мен өнімділігін жақсартуға мүмкіндік береді, сапасын жақсартуға жағдай жасайды, — дейді ол.

«Тағы бір мәселе, ауылшаруашылық саласына мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауларды қайта қарастыру керек. Төрт жыл бойы «Агробизнес-2020» бағдарламасы жұмыс істеді. Осы бағдарлама бойынша, мемлекеттік қолдау аясында ұсынылған тетіктермен келісу қиын. Себебі, олар өндіріс көлемін арттырып, локомотив өндіріс ошақтарын дамыту үшін жұмыс істеуі керек. Қазірде оған әлеуметтік бағыттағы бағдарлама ретінде қарайтын болдық. Сондықтан осы орайда мемлекеттік қолдау тетіктерін қайта қарастыру керек деп санаймын», — дейді ойын ортаға салған ЖШС атқарушы директоры.

Загрузка...