Атырауда шетелдік компаниядан 15 миллион теңге ұрлаған есепші сотталды

166 просмотров

Атырауда өз есеп-шотына ұрлық ақшаны ұдайы аударып отырған, шетелдік фирманың есепшісіне қатысты сот үкім шығарды.

Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Атырау қаласының №2 сотында миллиондаған қаражат жымқырды деп айыпталған Атырау қаласындағы шетелдік компанияның есепшісіне қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотталушы Шыныбаева 2010 жылдан 2013 жылдар аралығында «CaspianContractorsTrust» ЖШС-да бас есепші болып жұмыс істеп жүргенде өз қызметін асыра сілтей пайдаланып, еңбекақыға және кәсіподақ арқылы материалдық көмек ретінде деген желеумен өзінің банкоматтық шотына заңсыз қаражат аударып отырған.

Сөйтіп, ол шетелдік компаниядан 3 жыл ішінде 15 миллион 541 мың 423 теңге қаражатты жымқырған.

Шыныбаева өзіне тағылған айыпты мойындап, өкінетіндігін айтты. Сотқа дейінгі тергеу барысында сотталушы мен прокурор арасында кінәні мойындау түріндегі процестік келісім жасақталды.

Атырау қаласының №2 сотының үкімімен Шыныбаева ҚР Қылмыстық кодексінің 176-бабының 4-бөлігінің «б» тармағымен (ескі редакцияда) кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан шартты түрде айыру жазасы мен бухгалтерлік қызметімен айналысу құқығынан 2 жылға шектеу жазасы белгіленді.

Загрузка...