Атырауда газ бағасы қайта қаралады

19 просмотров

Өңірді газдандыру жұмыстары аталған қызмет түрінің бағасын өсіруді қажет етеді екен.

Аталған мәселеге байланысты өткізілген қоғамдық тыңдауға Атырау облысы әкімдігінің өкілдері, мәслихат депутаттары, табиғи монополияларды реттеу агенттігі және «Нұр Отан» партиясының өкілдері, «Атамекен»кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері мен кәсіпкерлер қатысты.
Талқылау табиғи газдың құнын қайта қарауға арналды.

Табиғи монополияларды реттеу агенттігі мұндай талқылауды осымен екінші рет өткізіп отыр. Алғашқы отырыс осы айдың 17-інде Астанада ұйымдастырылған болатын. Тарифтердің бағасын өзгерту Атырау облысына қарасты болғандықтан, келесі кезектегі отырысты агенттік осы өңірдегі тұрғындармен ақылдаса отырып, өткізгенді жөн көріпті.

Жиынды ашқан «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның инвестициялық саясат және бағаны бақылау департаментінің директоры Айнұр Отарованың айтуынша, газдың бағасы өңірде 2013 жылдан бері өзгермеген.

Соған қарамастан, Ұлттық газ операторы өңірдегі барлық елді-мекенді газдандыру жұмысын жүргізуде. Алайда газ инфрақұрылымдарын жаңалау және оларды алыс елді-мекендерге жеткізу үшін қомақты қаржы қажет.

«ҚазТрансГаз» АҚ-ның Атырау өңірі бойынша 2016-2020 жылдарға жоспарланған инвестбағдарламасының құны 4 887,029 млн. теңге.
Отарованың сөзіне қарағанда, өңірді газдандыру жұмыстары аталған қызмет түріне бағаны өсіруді қажет етеді.

Талқылау барысында белгілі болғандай, ішкі нарыққа арналған газ өз құнынан төмен сатылады екен және ұлттық оператор осының салдарынан миллиардтаған шығын шегетін көрінеді. Компанияның шығынға ұшырауына доллардың бағамы да әсер еткен, себебі газ ТШО-дан долларға сатып алынады.

Айнұр Отарованың мәлімдемесінен кейін талқылауға қатысқан азаматтар бағаны қымбаттатудың қажеттілігіне көз жеткізді. Ал ұлттық оператор өз кезегінде баға саясатын әрдайым тұрғындармен ақылдасып, қабылдайтынын айтты.

Загрузка...