Атырауда абақтыдағы белсенділердің жақтастарына митинг өткізуге рұқсат бермеді

34 просмотров

Атырау қаласының әкімдігі қамауда отырған азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды қорғау мақсатындағы акцияны өткізуге тағы да рұқсат бермеді. Жергілікті адам құқығын қорғаушы Әсел Нұрғазиева 17 қыркүйекте митингті 25 қыркүйекте өткізуге өтініш берген еді. Оған 80-ге жуық адам қатысады деп жоспарланған.

Митинг өтетін орын ретінде «Жеңіс» саябағы немесе Құрманғазы атындағы Мәдениет үйінің маңы көрсетілген. Қала билігі бұл орындарды көпшілік жиындар өтетін орын ретінде анықтаған.

Әкімдіктің өтінішті заң талаптарына сай емес деп тапқан. Қала әкімі аппаратының жетекшісі Палымбет Хасановтың айтуынша, өтініш беруші жұмыс орнын, мекен-жайын, аты-жөнін толық көрсетуі тиіс. «Заңның осы талаптары орындалмады, сол себепті өтініш қабылданбады», — деді әкімдік өкілі.

Әсел Нұрғазиеваның айтуынша, дәл осындай өтінішті ол бұған дейін де — 5 қыркүйекте тапсырған, бірақ ол жолы да митинг өткізуге рұқсат берілмеді. Сол кезде әкімдік тазалық айлығын сылтау етті.

Макс Боқаев пен Талғат Аян араздық туғызған, заңсыз митинг ұйымдастырған деген күдікпен абақтыда отыр. Екі белсенді биыл 24 сәуірде Атырауда жер реформасына қарсы мыңдаған адамдық наразылық шеруін басты ұйымдастырушылардың бірі болды. Боқаев пен Аян тағылған айыптардың саяси астары бар деп есептейді.

e5e11ecf-c0bd-403c-92e7-696ddc9a3a08_w987_r1_s

Загрузка...