Атырауда 1000 теңге пара берген азамат мемлекетке 424 200 теңге айыппұл төлейтін болды

70 просмотров

Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотымен Әкімшілік кодекстің 676-бабы, яғни „Заңсыз материалдық сыйақы жасау„ бойынша А.Г. есімді тұлғаға қатысты әкімшілік іс қаралды.

Бұл туралы Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Іс материалдарында көрсетілгендей, А.Г. есімді азамат бұрын сотты болғанына қарамастан,  Атырау облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация инспекторының қарамағында пробациялық бақылаудан өтіп жүрген.

Сөйтіп биыл 5-мамырда оны Атырау қаласының пробация қызметі шақыртады.

Алайда оның тығыз шаруасы шығып қалып, қаладағы «Ақ-ару» дүкеніндегі төлем терминалы арқылы  Б.А. есімді инспектордың ұялы телефонына 1000 теңге ақша салады. Іле-шала:  «Сәлеметсіз бе, бүгін жұмыстамын, ертен барсам бола ма, единица түсті ме?» деген СМС-хабарлама жолдаған.

Сөйтіп ол мемлекеттік қызметтерді орындауға уәкілетті тұлғаға заңсыз материалдық сыйақы беріп, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған.

Сот А.Г.-ны Әкімшілік кодекстің 676-бабы бойынша кінәлі деп танып, мемлекет пайдасына 424 200 теңге көлемінде айыппұл салды.

Загрузка...