Астанада шетелдің үздік мамандары ұрланған ақшаны қайтару бойынша дәріс оқып жатыр

28 просмотров

Бүгін Астанада Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченконың қатысуымен қаржылық тергеп-тексеру және ұрланған активтерді қайтару жөніндегі мамандандырылған семинардың екінші отырысы өтті.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Семинардың ашылуына ҚР Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Ұлан Байжанов, АҚШ Мемлекеттік Хатшысының халықаралық есірткіге қарсы күрес және құқық қорғау қызметі жөніндегі көмекшісі Уильям Браунфилд және ҚР-дағы АҚШ елшісі Джордж Крол, БҰҰ Есірткімен және қылмыстылықпен күрес бойынша басқармасының бөлім басшысы (БҰҰ ЕҚБ, Вена) Тофик Муршудлу, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің саяси мәселелер жөніндегі офицері Колин МакКаллау, сонымен қатар қазақстандық аналитиктер, тергеушілер, прокурорлар және судьялар қатысты.

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Андрей Кравченко қаржылық тергеп-тексеру саласындағы оқыту семинарының, әсіресе, Бас прокуратура жүзеге асырып отырған «Шетелден ұрланған активтерді қайтару» жобасы аясындағы маңыздылығын және бірегейлігін атап көрсетті. Курстар бес күн бойына жалғасады. Дәріс беру үшін Италия, Австрия, АҚШ және Израиль сарапшылары шақырылды, солардың арасында Израиль Бас Прокурорының орынбасары Яхуд Шаффер мырза да бар.

— Бұл бастама аясында, тергеушілер мен прокурорларды оқытудан басқа, шетелден ұрланған активтерді қайтару бойынша тиімді жұмыс жүргізу үшін құқық қорғау органдарының әдістемелік және нормативтік базасын құруға бағытталған жүйелі шаралар жасалады.
Бұдан бөлек, Еуропадағы «CARIN» және Азиядағы «ARIN-AP» әлемдік ақпарат алмасу желілеріне қосылуы жоспарлануда. Бүкіләлемдік банк пен БҰҰ-ның «Ұрланған активтерді қайтару жөніндегі бастамасы – «StAR» жобасына қосылуға сұрау хат жолданды, — деді Бас Прокурордың орынбасары Андрей Кравченко.

Загрузка...