Отандық дәрігерлер қанша тырысқанымен айуандық жасалған ақтаулық 6 жасар бүлдіршіннің есін жиғыза алмай жатыр.Бұл туралы бүгін «ҚазАқпарат» тілшісіне Астанадағы Ана мен бала орталығының баспасөз хатшысы Данияр Меңілбеков мәлім етті.
Айта кетейік, 27 тамызда алты жасар қыз Маңғыстау облыстық балалар ауруханасынан санавиациямен Астанаға жеткізілген болатын.
«Қазіргі уақытта оның жағдайы өте ауыр. Әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Телемедицина арқылы Кембридж дәрігерлерінен кеңес алдық, оны жергілікті дәрігерлермен бірге талқыладық. Зақым миға келген», – деп атап өтті ол.
Еске салсақ, 20 тамызда «Иваныч» дүкенінің маңында алты жасар қыз жоғалып кетті. Бірнеше сағаттан кейін полицейлер баланы өндірістік аймақ ауданынан тапты. Қыз бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылды, оған ыстық өтіп кеткен, денесінде көптеген ауыр жарақат бар. Дәрігерлер зорлау фактісін растады, ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабымен қылмыстық іс қозғалды.