Астанада Қазақстан машина жасаушыларының IV форумы өтіп жатыр

55 просмотров

ҚР Премьер-министрiнiң орынбасары Асқар Мырзахметов Қазақстан машина жасаушыларының IV форумы барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың форум қатысушаларына арнаған үндеуiн оқып бердi.

Бұл туралы BNews.kz жазды.

«Құрметтi форум қатысушылары, Қазақстан машина жасаушыларының IV форумы жаңа экономикалық жағдайда машина жасау саласы алдында тұрған мақсаттарға жетуге практикалық шаралар әзiрлеуге мүмкiндiк бередi деген сенiмдемiн. Қазiргi мiндеттер сiздерден жаңа технологиялар енгiзiп, өндiрiстi арттырып, бәсекеге қабiлеттi, экспортқа бейiм өнiм шығаруды талап етедi, сондықтан елiмiздiң мемлекеттiк индустриялдық даму бағдарламасында машина жасау саласына көп көңiл бөлiнген», — делiнген Елбасы хатында.

Мемлекет басшысы өз сөзiнде индустрияландыру картасы аясындағы әр оныншы жоба машина жасау саласында жүзеге асқанын айтады. Барлығы 250 млрд теңгенің 88 жобасы пайдалануға беріліп, 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылыпты.

Президенттiң пiкiрiнше, Қазақстанның машина жасау кешенi өзiнiң ЕАЭО, ДСҰ-ға қатысуындағы басымдықтарды пайдаланып, болашақта ел экономикасының маңызды секторларының бiрiне айналуы керек.

Айта кетейік, бүгiн елордада «Дамыған машина жасау саласы – бәсекеге қабiлеттi Қазақстан» атты Қазақстан машина жасаушыларының IV форумы өтiп жатыр.

Шараға 20 елден 108-ден астам делегат пен Қазақстан машина жасау индустриясының iрi өндiрушiлерi қатысып отыр. Форумның басты мақсаты – отандық машина жасау саласының даму әлеуетiн көрсету әрi әлемдiк iрi алпауыттарды ынтымақтастыққа шақыру.

Загрузка...