Көшелерін су басқан Астананың әкімі кешірім сұрады

38 просмотров

Астана әкімі Әсет Исекешев кеше толассыз жауған нөсерден елорда көшелерін су басқаны үшін кешірім сұрап, есеп берді.

Ол бұл туралы Facebook-тегі жеке парақшасында жазба қалдырды.

«Құрметті астаналықтар мен қала қонақтары! Нөсер жаңбырдың толастамауы салдарынан қала жолдарында туындаған қолайсыздықтар үшін əкімдік атынан кешірім сұраймын. Елорданың қарыштап дамуы қаланың суағар кəріз жүйелерінің құрылыс қарқынынан ілгері келе жатқаны нөсерлі күндері басты проблемаға айналып отыр. Қазгидрометтің хабарлауынша, соңғы нөсерлі жаңбыр күндері жаңбырдың бір айлық мөлшері жауған екен. Бүгінгі таңда əкімдік қалыптасқан жағдайды тез арада ретке келтіру үшін барлық шараларды қолдануда», — деп жазды қала басшысы.

Оның айтуынша, қолда бар барлық 107 дана арнайы техника жұмылдырылып, су басқан аудандарда тəулік бойы су сорылып жатыр. Соңғы күндері ғана қосымша сусорғылармен 100 мың текше метр су сорылыпты, тазартқыш ғимараттар арқылы 150 текше метр су өткен.

Коммуналдық қызметтер қаланы тазарту үшін әлі бір тəулік керек екенін мәлімдепті.

«Жолдардың уақытша жабылуы сияқты қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Əкімдік өз тарапынан нөсер кездерінде жолдағы жағдай туралы бірінші кезекте ресми дереккөздер — сайт, əлеуметтік желілердегі ресми аккаунттар, радио хабарлау, сондай-ақ төтенше жағдай департаментінің байланыс құралдары арқылы мейлінше ақпараттандыруды қолға алады.

Былтыр жаңбыр суы ағатын кәріз қызметіне байланысты мәселелерді шешудің жаңа жолдары әзірленді. Нақтырақ айтқанда, №31 көшеде су тазарту құрылыстарын салу бойынша жобалар іске асырылды, Мыңжылдықта су тазарту құрылыстары іске қосылды, сондай-ақ, Иманов көшесіндегі сорғылардың қуаттылығы ұлғайтылды», — деп толықтырды өз жазбасын Әсет Исекешев.

Су жиналатын коллекторлар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да әкім өз жазбасында  толықтай есеп береді.

«Бүгінде мәселені жүйелі түрде тұтастай қала бойынша шешу үшін халықаралық институттармен, инженерлермен және эксперттік топтармен бірлесіп нөсер кәрізі жүйелерін одан әрі дамыту бағдарламасымен жұмыс істеп жатырмыз. Тиісті жұмыстардың нәтижелерін міндетті түрде күзге қарай қалалық қоғамдық кеңестің талқылауына ұсынатын боламыз», — деп түйіндеді ол.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Астанада мол түскен жауын-шашыннан орталық көшелерді тағы су басты.

Загрузка...