Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Асхат Садырбайдың анасы: “Ерке еркіндікті қалады. Ұлымның мінезі оны көтермеді”

664

-Екеуі де елдің алдында жүрген адам. Асхат ер азамат қой. Еркенің заты – әйел. Асхатқа сабыр сақта дедік. Ол да ұстамды бола білді. Өзінің қандай адам екенін біледі ғой. Әркім айтқан сөзіне Алланың алдында, адамның алдында жауап береді. Зиянды әдеттерден аулақ болса, ішімдік ішпесе, шылым шекпесе, артық жүрісі болмаса ер адам еш уақытта әйелге қол жұмсамайды. Тәубе деп айтайын, балаларым келіншектеріне қол көтермейді. Ана көрген, ана сыйлаған бала ондайға бармайды. Мен ешқандай мүмкіндік те бермеймін. «Ұрды» дегені сәл артық болды. Себебі сабырсыздық, қол алып жүгіріп, әкіреңдеу деген менің балаларыма жат нәрсе. Ол елге солай деп айтты. Бірақ ел өзі електен өткізіп, Еркенің кім, Асхаттың кім екенін ажыратып алды деп ойлаймын.

dlyaslajdera

-Сонда бұл айтылғандар еш негізсіз болды ғой….

—Екеуі сөзге келіп қалғанда болуы керек, үйден шығарда неке жүзігін балама қарай лақтырып жіберіпті. Сол сәтте балам «қайта қосылып жатсақ тағармын» деген үмітпен ғана аяқ астынан көтеріп алып кетіп қалған. Осы жағдай оған «сыйлықтарын қайтарып алды» деп айтуға негіз болды. Алла тек абырой берсін. Еркеге еш жамандық тілемеймін. Қайта дұға, тілектеріме қосып отырамын. Өйткені ол немеремді бағып отыр.

-Жалпы Ерке қандай келін болды?

-Ерке жаман келін болған жоқ. Менің бетіме қарап сөйлеген емес. Өтірікті, кеткеннен кейін артынан ғайбат айтуды мен қаламаймын. Өте жақсы келін болды. Біріншіден, өте таза. Екіншіден, ақкөңіл. Күліп қарсы алады. Тағамның түр-түрін, өте дәмді етіп әзірлейді. Қашан, қалай үлгергенін де байқамай қалатынбыз. Қолы берекелі. Істеген асы көбейіп кетеді. Дастарқанды жайғанда жайнатып жібереді. Сондай жайлы келін болды.

-Келініңіз жақсы болса, неге екеуі бөлек кетті? Не себеп болды деп ойлайсыз?

-Мен бірге тұрған уақытта Еркеге қарап сөйлегенім жоқ, ол да менің бетіме келген емес. Екеуін Алла қосты, Алла ажыратты. Екеуінің жолы екі бөлек болды. Мінездері сәйкес келмеді. Асхат – ер мінезді болды, Ерке – ерке болды. Құдағайыммен де жаман сөзге келген емеспіз. Ерке жақсы жар да болды. Бірақ ол еркелікті, еркіндікті қалады. Асхаттың мінезі оны көтермеді. Менің түсінуімше. Қазақта ер азамат әйелден бір саты жоғары тұрады ғой. Әйелі айтқан әңгімесіне мақұл деп иіле қоймаса, еріне қарсы шықса, оның да көңілі қалары белгілі.

-Еркіндік дегенде нені меңзейсіз?  Балаңыз әлде оның сахнаға шығуына,  өнеріне қарсылық танытып па еді?

-Осынша жасқа келіп өтірік айтып не қыламын? Қазір көптеген өнерде жарасым тауып жүрген жұлдызды жұптар қаншама. Қанат пен Света, Тоқтар мен Бейбіт, Жанболат пен Жазира, Қыдырәлі мен Қарақат т.б. Бір мезгіл күйеуінің де қабағына қарап, онымен санасып, түсініскенде мүмкін осы жұптар тәрізді жүрер ме еді?! Асхат оның ел алдына шығып өнер көрсетуіне мүлде қарсылық танытқан емес. Үйленген кезде Асхаттың тегін алды. Ерке Садырбай болып «Саз әлемі» жобасында өнер көрсетті. Барлық уақытта қолдау ғана білдірді. Тек араларындағы түсініспеушілік, мінез-құлықтың сәйкес келмеуі себеп болды.

Өйткені біздің отбасы тарапынан да, Еркенің отбасы тарапынан да ешқандай қысым болған жоқ. Екеуі келісе алмады. Ерке сотқа арыз берген кезде де ажырасу себебін «мінез-құлқымыз сәйкес келмеді» деп жазған. Басқа себебі жоқ. Бірақ Еркені жамандыққа қимаймын. Артынан бәлен-түген демеймін. Менің балам да бірбеткей, Еркеде де енді қызуқандылық болды ма екен? Өзі сотқа арыз беріп, өзі ажырасты.

photolab-1-768x692

-Ал Асхаттың баласымен қарым-қатынасы қалай? Немереңізді көріп тұрасыз ба?

-Иә, әрине. Құда-құдағайыммен хабарласып тұрамын. Айтта, мерекелерде құттықтап отырамын. Баламызды бағып жатыр нағашы ата-әжесі. «Осы бала кімнің баласы екенін, қай елден шыққанын, тегі, әкесінің аты кім екенін айтып, ұғындырып отырыңыз» деп аманат еткенмін. Жақында Алматыға келіп кетті. Киім-кешегін, сыйлығын алып, бірге қыдырды. Арасында Ақтөбеге де заттар, сыйлықтар салып жіберіп тұрады. Баласымен қарым-қатынасы жақсы. Ерке де оған қарсы болмайды. Өйткені сот шешімі бойынша әкесі тарапынан ешқандай құқық бұзушылық болмағандықтан, екеуі кез келген уақытта қыдыруға, кездесуге құқылы. Кейде өзімізбен алып кетеміз. Алғашында Асхатқа да оңай болған жоқ. Уақыт-емші. Шүкір, ол сыннан да өтті балам.

-Жоғарыдағы әңгімеге қайта оралғым келіп отыр. Оның  жауабы көпшілікке беймәлім. Сондықтан да сан-сақ пікір көбейеді. «Үшінші рет отбасын құрды» деген сөз қаншалықты рас?

-«Жоғалған пышақтың сабы алтын» дейді. Үшеу алды дей ме, бесеу алды дей ме, айта берсін. Мен ешкімді кінәламаймын. «Ит үреді, керуен көшеді». Өмір өтіп жатыр. «Үш рет той жасапты», «Үш рет үйленіпті», «Әйелге тоймайды екен» деген сыңайлы сөздерді де құлағым шалып жүр. Оның бәрін есту оңай емес. Бірақ қазір етіміз үйреніп те кетті. Неше түрлі адам бар. Олар неше түрлі сөз айтады. Оның барлығына біз жауап бере алмаймыз. Енді мұны Ерке қандай оймен айтты білмеймін. Мүмкін осымен Асхатты мұқатамын деді ме, әлде қазіргі әйелі осыны естіп ажырасып кетеді деді ме, бір Алла біледі. Елге жариялап, некесін қиып алды. Еркемен де солай болды. Жасырын ештеңе жоқ. Ол үшін қорланбаймыз да. Өйткені мен өз баламды білемін.

-Асхат ер азаматтық көрсетті делік, Ерке – әйел заты делік, бірақ көпшіліктің көкейінде «осыншама сөз айтылуда, неге Асхат оның барлығын жауапсыз қалдырып жатыр?» деген сұрақ туындайтыны да жасырын емес…

-Екі бөлек кеткеннен соң не деп онымен салғыласады? Енді біреулерге сондай әңгіме керек болған шығар… Адамның басындағы жағдай Аллаға, сонан соң өзіне аян. Егер Асхат сол кезде жауап беріп, айтысса, әлі күнге дейін айтысып жүрер ме еді?! Күніге біреуіне жауап беріп… Бірақ ол ер азамат ретінде сабырлылық танытты. Мен онысын дұрыс деп шештім.

erke_ashat-1

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз