Қарызың болса, ауруға да болмайды. Ем алуға бара жатқан әйелді шекарадан өткізбей қойды

2 просмотров

Маусым айында обырмен ауыратын Любовь Бирюкованы лифт қызметіне қарыз болғаны үшін Ресей шекарасынан ары жібермей қойған. Өйткені оның аты-жөні борышкерлер тізімінен шыққан.

25-тамызда облыстық сот қалалық соттың бұл заңсыз шешімінің күшін жойды. Өмірі үшін маңызды химия терапияның екінші сеансын жіберіп алған Любовь Бирюкова ақыры ем алуға баратын болды. „Табыс Ақтөбе„ компаниясымен соттасқан науқас әйел сотта жеңіп шықты деп жазады Эврика.

Любовь Бирюкованың Орынборға барып, емделіп жүргеніне 10 жыл болған. Әйелдің төсіндегі сүт бездері обыр ісігіне айналған. Ол 4 дәрежедегісі болып табылады. Белгіленген уақыт — маусым айында ол шекарадан өте алмай, емін жіберіп алған. Ал шекарадағылар ол кісінің борышкерлер тізімінде тұрғанын айтқан. Қалаға оралып, бұл мәліметті анықтай келгенде, ол подъезге лифт орнатқаны үшін „Табыс Ақтөбе„ ЖШС-ға 160 мың теңге қарыз болып шығады.

Компания әйелді сыртынан сотқа берген. Сот орындаушысы Бирюкованың сыртқа шығуына тыйым салып, пәтерін сатпайтындай етіп, мүгедектігі бойынша алатын 32 мың теңге зейнетақысын да бұғаттап тастаған. Бұл мәселе бірқатар БАҚ беттерінде көтерілген соң, сот мүгедек жанға қалалық сот шешіміне шағымдану мерзімін қайтадан жаңартып берді. Осылайша бұл іс облыстық сотқа жетті.

Облыстық соттың қазылар алқасы анықтағандай, Бирюкова мен „Табыс„ компаниясы лифтті орнату жөнінде өзара ешқандай келісімшарт жасаспаған. Мүгедек жан оны қайда, қалай барып төлейтінін де білмеген.

— „Табыс„ компаниясы өкілдеріне сотқа барған әлдеқайда тиімді. Лифтіде қандай да бір ақпар қағазды іліп немесе қоңырау шала салса болмай ма? Неге? Жоқ, оларға компьютерде отырып, аты-жөні мен сомасы туралы мәліметті сотқа жібере салған жақсы. Олар мұндай істерді қап-қап алып жүреді. Біз олардан келісімшарт қайда, Бирюкова қол қойды ма деп сұрадық. Ол болса, жоқ. Ол лифт ақысын төлемеймін деп қол қойған қағаз қайда дейміз? Ол да жоқ, — дейді сотта жәбірленушінің өкілі Владимир Чебан.

Облыстық сот өз қаулысымен қалалық соттың шешімін жоққа шығарды. Любовь Бирюкова атына қойылған шектеулер алынып тасталатын болды. Ол келесі аптада енді Орынборға химия терапия алуға бара алады.

Загрузка...