Қарағанды облысында арнайы қызметке қоңырау шалып, жалған ақпарат берген 35 жастағы келіншекке айыппұл салынды.
Бұл туралы Қарағанды облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл 26-шілдеде 102 – шұғыл байланыс желісіне Бұқар жырау ауданының Үштөбе ауылындағы бір саунада 6 жігіттің теракт жасау туралы әңгімелескені, олардың моншаға шомылып болған соң екі автокөлікке мініп кетіп қалғанын айтып, белгісіз біреу хабарласқан.
Жағдайды анықтау кезінде демалыс аумағының әкімшісі үйді жалға алғандардың кетіп қалғанын білгенде, 102 телефонына жалған ақпарат беріп, қоңырау шалғаны анықталды.
35 жастағы келіншекке қатысты „Арнайы қызметке жалған қоңырау түсіргені„ туралы ҚР Әкімшілік кодексінің 438-бабының 1-тармақшасына сәйкес, әкімшілік хаттама толтырылды.