Қарағанды облысы Абай ауданындағы “Орталық құс” фабрикасында 16 280 тауық арам өліпті. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Фабрика директоры өз кезегінде, аталған жайтқа құс тұмауының еш қатысы жоқ дейді. Оның айтуынша, тауықтар жем жегеннен кейін қырылып қалған. Ветеринар дәрігерлер де осы сөзді растап отыр. “Тауықтар уланып өлген” дейді олар. Дегенмен, зерттеу жұмыстары мұнымен тоқтап қалмасы анық.
“Арнайы зертханалық тексерулерден соң сальмонеллёз ауруының белгілері анықталды. Құс тұмауының вирусы анықталмады”, – делінген облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ал қырылып қалған тауықтардың толықтай көзі жойылыпты. Фабриканың өз ішінде дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде. Айта кетелік, “Орталық құс” фабрикасында 800 мыңнан астам тауық бар.