Қарағандыда сүтте сібір жарасы вирусы бар деп жалған ақпарат таратқан келіншек ұсталды

33 просмотров

Қарағандыда әлеуметтік желілерге тараған «Нәтиже» компаниясы сүтіндегі сібір жарасының вирусы жайлы жалған ақпаратты таратқанды табуға 1 миллион теңге сыйақы көмектесті.

Бұл жайында компания басшысы Ерлан Әшім мәлім етті деп хабарлады ҚазАқпарат.

— Біздің компания қызметкерлері «Нәтиже» өніміндегі сібір жарасы жайлы жалған ақпарат туралы полицияға шағым түсірді. Полиция бұл іске шындап кірісті, із кесуге сәл-ақ қалған еді. Бірақ біздің маркетологтар жалған ақпарат таратушыны тапқан адамға 1 миллион теңге сыйақы тағайындауды ұсынды. Мен рұқсат бердім. Хабарландыру жарияланысымен, мол ақпаратқа ие болдық. Осы ақпараттың арқасында, қаңқу сөзді шығарған адамды таптық,- деді Ерлан Әшім.

Оның айтуынша, хабарлаушыға уәде етілген сома төленді.

Компания басшысы жалған ақпарат таратушымен кездесіп, оны кешіріп, татуласқанын жеткізді.

Күдікті Анастасия Щелупанова да баспасөз конференциясына қатысты.

«Мен бұл хабарламаны алты адамнан тұратын WhatsApp тобына жібердім. Дүкендегі түйнеме жайлы сөйлесіп отырғанбыз. «Нәтиженің» сібір жарасы ошағы боп табылған Шет ауданынан сүт алатынын оқып, аудиохабарлама жібердім. Бұл жай ғана өз арамызда қалады деп ойлағанмын, бірақ ғаламторға лезде тарап, өз дауысымды ғаламтордан естідім. Қорыққанымнан бүкіл хабарламаны өшіріп, нөмірімді бұғаттап тастадым»,- дейді ол.

Ол көпшілік алдында компаниядан кешірім сұрады.

Анастасияның адвокаты Қанат Мақыжанов сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын айтты. Оның қорғауындағы қыз кепілдікпен босатылған.

Еске сала кетейік, Қарағанды облысы, Шет ауданы, Еркіндік ауылында сібір жарасы дерті анықталды. Ауыл тұрғыны ауру сиырды сойып, оның етін жақындары мен көршілеріне таратып берген. Салдарынан екі адам — 33 жастағы әйел мен 49 жастағы ер адам қайтыс болды. Шұғыл түрде ауылда карантин жарияланып, жағдай реттелген болатын.

Загрузка...