Қарағанды облысында иісшіл ит көмегімен автобус жолаушыларының бірінің сөмкесінен 18 келіден астам «марихуана» есірткі заты тәркіленді.
Бұл туралы Қарағанды облысының ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл 3-тамызда «Көкнәр» жедел алдын-алу іс–шарасы барысында полиция қызметкерлерімен «Соқыр» шеп бекетінде Шу-Астана бағытындағы автобус тоқтатылды. Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті кинологиялық қызмет орталығының «Зара» есімді иісшіл иттің көмегімен автобусқа жүргізілген тексеріс жұмыстары кезінде ішінде «марихуана» есірткі заты бар сөмке табылды.
Жыл басынан бастап облыстық кинологиялық қызмет орталығының иісшіл иттерінің көмегімен заңсыз айналымнан 200 келіге жуық есірткі заттары тәркіленсе, соның ішінде 23 келісінен астамы – «героин» есірткі заты.