Қапшағай-Алматы-Қапшағай темір жол желісі іске қосылды

35 просмотров

Алматыда «Solux Express» компаниясы Қапшағай-Алматы-Қапшағай бағытындағы темір жол желісін іске қосты. Бұл туралы компания директоры Жолдасбек Құрманов мәлім етті.

«Пойыз күн сайын таңертең және кешкі уақытта жүретін болады. Өйткені, бұл алматылықтар үшін өте ыңғайлы. Демалыс күні таңертең пойызбен Қапшағайға келіп, демалып, суға шомылып болған соң, кешке сол пойызбен Алматыға оралуға болады. Күн сайын бірінші рейс Қапшағайдан жасалады. Осы Қапшағай және оған жақын орналасқан елдімекендердің Алматыда жұмыс істейтін тұрғындары енді осы пойызбен таңертең Алматыға жұмысқа барып, кешке сол пойызбен үйлеріне келе алады», — деді Ж. Құрманов.

Өз кезегінде Алматы қаласы Жолаушылар көлігі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Әділов бұл әлеуметтік жобаның қала экологиясын жақсартуға бағытталғандығын баса атап көрсетті.  Сонымен, пойыздың жүру уақыты — 1,5 сағат. Таңғы пойыз 06:30-да Қапшағай қаласынан Алматыға жүреді. Алматыға келген соң, таңғы сағат 08:40-та «Алматы-1» темір вокзалынан Қапшағайға қарай жол тартады. Ал, кешкі уақытта пойыз сағат 17:55-те Алматыға қарай жүреді. «Алматы-1» вокзалына келген соң, кешкі сағат 20:20-да кері қарай жолға шығып, Қапшағайға оралады.

Темір жол құрамы толыққанды жабдықталған 5 жайлы вагоннан тұрады. 280 орынға шақталған және Wi-FI желісіне қолжетімді.

«Әзірге пойыз тек жазғы мезгілде жүретін болады. Бірақ, алдағы уақытта оны жыл он екі ай жүріп тұратын пойызға айналдыруды жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз — тұрғындардың жүріп-тұру қауіпсіздігін қамтамасыз ету», — деді «Solux Expess» компаниясының жоба жетекшісі Нұрлан Құжбанов.

Айта кетелік, пойыз билеті — 600 теңге тұрады. Жеті жасқа дейінгі балаларға жол жүру — тегін.

Загрузка...