Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
8
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Америкалықтар асырап алған қазақтың баласы енді қазақ қызын алғысы келеді

Мысалы, ол Facebook-тегі жеке парақшасына арқалы ақын Жұбан Молдағалиевтың «Мен – қазақпын» деген өлеңінің мына бір алғашқы шумағын жазып қойыпты:

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,

Жөргөгімде таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Бүгіндері АҚШ-тың Миссури штатында өмір сүріп жатқан Джордан Голдман (қазақша аты-жөні – Рустам Шәкенов) деген азаматпен „Замана„ басылымы интернет арқылы тілдескен екен.

Тілші сөзді Іnstagram-дағы жеке парақшасын «Сабыр түбі – сары алтын» деп айдарлап қоюының мәнін сұраудан бастапты.

– Мен қазақ болып туылғаныма мақтанамын.

Ал «Сабыр түбі – сары алтын» деуімнің сыры, мен сабыр етсем, туған елімді көретін күн де алыс емес шығар деп үміттенемін. Ата-анам мені бір айлығымда Қазақстаннан асырап алған екен.

Көкшетаудың тумасымын, өзімді Кіші жүздің баласы шығармын деп топшылаймын.

Жалпы, ата-анам менің қазақ екенімді, Қазақстаннан әкелгендерін кішкентай күнімнен айтатын. Бөлмемде Қазақстанның туын іліп қойғанмын. Ата-анам оны Алматыдан алғандарын айтады, мені әкелер кезде алған болса керек. Себебі олар Қазақстанға тек бір ғана рет, мені әкелген кездерінде ғана барған.

Мен 15-16 жасымнан бастап өзімнің елім, жерім, ұлтым туралы оқып, іздене бастадым.

АҚШ-та қазақтар көп деп естимін, бірақ маған жақын жерде қазақтар жоқ. Интернет арқылы танысқан калифорниялық қазақ достарым бар. Менің туған елім, жерім қандай екенін тезірек көргім келеді. Сол үшін

қазақша сөйлеуді де үйреніп жүрмін. Қазақ тағамдарының дәмін татқан емеспін, бауырсақ, “манты” дегенді жегім келеді, қымыз ішсем деймін. Қазақтың қызына үйленуді армандаймын.

Менің есімімді туған қазақ ата-анам Рустам деп қойыпты. Бірақ мен оны Рүстем деп өзгерткім келеді. Себебі Рустам деген есім қазақшадан гөрі түрікшеге көбірек ұқсайды. Сонымен қатар фамилиямдағы «ов» деген орысша жалғауды алып тастағым келеді. Шынын айтқанда, Шәкенов деген менің шын фамилиям ба, жоқ па, оны да анық білмеймін. Егер өзімді өмірге әкелген ата-анамды таба алатын болсам, бәрі анықтала жатар деп үміттенемін, дейді қазақ баласы.

Жалпы, Джордан Голдман отбасында екінші перзент екен. Өзінен тоғыз жас үлкен әпкесі бүгінде тұрмыста, бір қызы бар. Джорданның жасы 18-де, ол Мехлвилле мемлекеттік жоғары мектебінде тәлім алыпты. Онда 2000-дай жеткіншек білім алады.

Негізі АҚШ-та ақылы түрде оқытатын, мемлекеттік емес мектептер де бар. Онда жеткіншектер мектепте оқып жүріп те жұмыс істей беруіне болады. Джордан да 14-15 жасынан жұмыс істей бастаған. Ең алғаш ол ыдыс жуушы болған, одан кейін киім сататын дүкенде сатушы болыпты. Ал қазір бір мекемеде консьерж болып жұмыс істейді. Яғни, оның қызметіне телефон қоңырауларына жауап беру, керекті мекен-жайларды тауып беру сияқты қызметтер кіреді.

Джорданның айтуынша, АҚШ-та жоғары оқу орындарының ақысы өте қымбат. Ол Калифорниядағы колледжге оқуға түсетінін айтады. Бірақ қай салада жұмыс істейтінін әлі жоспарла­маған секілді.

Джорданның Қазақстанға келгісі, елін тезірек көргісі келеді екен. Тіпті, визаға қажетті ақшасын да жинап қойыпты. Туған елін көруіне Америкадағы әке-шешесі де қарсы емес екен. Тек биыл сәті түспейтінін, себебі алдағы уақыттарда әкесімен бірге бір жұмыс­тармен Флорида штаты мен Лондонға баратын көрінеді.

Жат жерде жүрсе де, Джорданның қазақ болып туғаныма мақтанамын деген сөзі бізді қатты қуантты.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз