Алматыдағы атыс: ажалдан аман қалған полицей ауруханадан шықты

348 просмотров

Кеудесіне оқ тиіп жараланған Ұлан Қабылов өзін он күннен бері көрмеген бала-шағасын құшақтап, мауқын басты. Аяқтан тұрып, жүре алғанымен, тәртіп сақшысы әлі де біраз ем қабылдауы тиіс. Дегенмен, бір ажалдан аман қалған Қабылов келесі айдан бастап қызметіме қайта кірісемін деп отыр.

Бұл туралы КТК хабарлайды.

Бүгін Жанардан асқан бақытты әйел жоқ. Күйеуінің тірі қалғанына қуанып, асты-үстіне түсіп жүр. Ұлан да келіншегінің көңіліне қарап, күлімдеуге тырысқан. Дегенмен, қаруластарының қазасы қабырғасын қайыстырғаны көрініп тұр.

“Қызметкерлердің жанұясына көңіл айтамын. Және де осы емханада ем қабылдап жатқан қызметкерлеріме де аман есен менің жолымды беріп, айығып жанұясына оралсын”, – дейді Алматы қалалық ІІД ЖПБ взвод командирі Ұлан Қабылов.

Бірінші сөзін әріптестері жайлы айтып бастаған командир бір апта бойы өмір үшін күресті. Лаңкес оның кеудесіне оқ атқан.

“Түскен кезде жағдайы ауыр болды. Науқас шок жағдайында түсті. Жедел түрде іш құрылысына операция жасалып, жарақаты тігіліп, қаны тоқтатылып, бәрі жақсы өтті. Тез көмектесуге тырыстық”, – деді хирург Нұрғали Әуелов.

Ұланның ағзасы мықты болып шықты дейді дәрігерлер. Дегенмен, әлі де бірталай ем керек. Оны үйге жіберуге ақ халаттылар бірауыздан шешім қабылдапты. Мұны естуі мұң екен, жары жанынан бір елі ұзамай, ауруханадан шыққанша қол ұстасып жүрді.

“Бәріміз есеңгіреп қалдық. Менің басымнан өткенді ешқандай әйелге салмасын. Азаматымды құдай сақтады. Бүгін үйге қайтамыз. Бес баламыз бізді асыға тосып отыр”, – дейді Ұлан Қабыловтың жары Жанар Райымбекова.

Қандықол қылмыскермен қақтығыстан қашпаған Қабыловты жора-жолдастары аурухана аузынан күтіп алды. Құшақтасып, мауқын басты. Одан соң полицей өзін он күннен бері көрмеген 4 бірдей ұлы мен кішкентай қызына асықты. Қалалық ауруханада жаралы әлі төрт адам бар. Үшеуі әлі де ауыр жағдайда, ал біреуінің халі орташа.

Еске сала кетсек, 18 шілде күні Алмалы аудандық полиция басқармасына, сосын ҰҚК департаменті ғимаратына шабуыл жасалды. Нәтижесінде 6 адам қаза тауып (үш полицей, бір шекара қызметкері және бір бейбіт тұрғын), 8 адам зардап шекті. Билік аталған оқиғаға теракт деп баға берді. Ал ұсталған күдікті бұрын сотталған 26 жастағы Қызылорда облысының тумасы екен.

Тергеу барысында күдікті әдейі полицейлерді ғана таңдағанын, бейбіт тұрғындарға оқ атпағанын айтқан. Ол бұл әрекетке құқық қорғау органдарынан кек алу үшін барыпты.

 

Загрузка...