Алматыда тұрмысы төмен отбасыларға тегін үй берілетін болды

118 просмотров

Алматы қаласының әкімдігі тұрмысы нашар отбасыларға тегін үй беру мәселесі қаралғаны туралы мәлімдеді.

«Береке» мәдени-білім қоры» мен Алматы қаласы әкімдігі арасындағы келісім бойынша жүзеге асатын бұл шара – еліміздің оңтүстік астанасында тұратын біраз отбасыны баспанамен қамтуы мүмкін деп хабарлады BAQ.kz.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің мәлімдеуінше, тұрмысы төмен отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін «Береке» қорымен жасасқан келісімшарт негізінде қаланың Алатау ауданынан төрт қабатты 6 тұрғын үйдің құрылысы басталмақ. Сонымен қатар 120 орындық балабақша да осы ауданнан бой көтереді деп жоспарлануда.

— Кәсіпкерлердің қолдауы арқасында қалада 158 спорт алаңы пайда болды. Сонымен қатар 4 мектеп пен 1 емхананың, өзге де объектілердің құрылыстары басталды. Өткен жылы жалпы құны 40 млрд теңгені құрайтын меморандумға қол қойылды, — деді қала әкімі.

Әкімшілікпен меморандумға қол қойған «Береке» қорының президенті Бағдаш Сүлейменов бұл қоғамдағы қордаланып қалған баспана мәселесін шешудегі ең бір тың қадам екенін айтады.

— Бұл меморандум Мемлекет басшысының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі саясатын жүзеге асыру болып табылады. Басты мақсат — тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын созу. Жағдайы төмен жанұялар мұндай үйлерде тегін тұра алады. Жалпы, біздің қорымыз көмекке мұқтаж жандарды оларға көмек берушілермен байланыстырады, — дейді қор президенті.

Загрузка...