Алматыдағы әрбір қоғамдық көлік жүргізушісі диспетчерлердің қатаң бақылауында болады.
Бұл туралы 24kz хабарлайды.
Көлік холдингіндегі мамандар қатты жылдамдықпен жүрген, аялдамаларда жолаушыларға тоқтамай кеткен немесе тиісті жұмыс кестесін бұзған автобус жүргізушілеріне телефон арқылы ескерту жасап отырмақ. Мұндай жүйені жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 80 млн теңге бөлінген.
Бұған дейін де диспетчерлер электронды карта арқылы әр қоғамдық көліктің қозғалысын бақылап, ереже бұзушыларды тіркеп отыратын. Жаңа жоба автобус жүргізушілерінің жұмысын реттеуге мүмкіндік береді.
– Бүгінгі күнде бізде 8 маршрут, 150-ге жуық автобус бұл жүйеге қосылды. Тамыз айының аяғына дейін бүкіл Алматыдағы 18 тасымалдаушының 1500-ден астам автобусын осы жүйеге қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Жүргізушінің көмекшісі деген арнайы құрылғы болады. Ол автобустарда орнатылған. Ол құрылғыдан автобус жүргізушісі ешқандай қимыл жасамай-ақ диспетчермен тікелей сөйлесе алады. Жаңғырық дауыс арқылы, – дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов.