Бұл жолы бауыр еті баласын саудаға Жамбыл облысы Мерке ауданындағы ауылдардың бірінің тұрғыны, 25-жасар келіншек шығарыпты. Алып қалаға келген тас бауыр ана екі апта бойы тірі тауарына сатып алушы іздепті, – деп хабарлады Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
«Бүлдіршін қыз бала небәрі 1 жас 3 айда екен. Өзіне масыл болған бүлдіршіннен құтылуды әрі материалдық табыс табуды көксеген ол әлеуетті сатып алушы іздеуге өзінің 51 жастағы танысын да тартыпты. Бірнеше күннен кейін балаға жаңа ана болуға алғашқы үміткер табылады. Сол кезде екі әйел баланың бағасын 2 мың доллар сомасында белгілейді.
Сөйтіп, келісімге келген екі әйел бүлдіршінді сатып алушыға табыстап, ақшаны алып жатқан кезде қылмыс үстінде ұсталды.
Оларды тінту кезінде 670 мың теңге табылып, тәркіленген. Белгілі болғандай, олардың 200 мың теңгесі бүлдіршіннің туған анасына тиесілі болса, қалған 470 мың теңгені „пысықай„ делдал қалтасына баспақшы болыпты», – деп хабарлады Алматы қаласы Ішкі істер департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері.
Сондай-ақ жедел бөлімше қызметкерлерінің айтуынша, бұдан бір күн бұрын сұрқия ана бүлдіршінді басқа бір әйелге 50 мың теңгеге сатыпты. Ал одан кейін 2 мың доллар ұсынған неғұрлым тиімді ұсыныс түскен кезде азаматша А. қызын қайтып алып, жаңа саудаға дайындала бастаған.
«Қазір осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қамауға алынған екі әйел ҚР ҚК 128-бабына сәйкес уақытша ұстау абақтысына қамалды. Бұл қылмыстың басқа мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады», – дейді жедел уәкілдер.