Алматыда автокөлік жуатын орындар жабылып жатыр. Өйткені қалада құзырлы орындар жаппай тексерісті бастап кеткен. Негізінен, автокөлік жуатын орындар ауызсуды тиімсіз пайдаланады екен.
“Алматы су” холдингі қызметкерлері тексерістің алғашқы күні-ақ бірнеше автокөлік жуатын орынның заңға сәйкес тазалау және суды үнемдеу жүйелерін орнатпағанын анықтаған.
“Сайран” автобекеті жанындағы көлік жуатын орындарда да тексерулер жүргізілуде. Мамандар, негізінен, суды тазалау мен үнемдеуге арналған құрылғылардың орнатылған-орнатылмағанын тексереді. Осы маңдағы автокөлік жуатын орынның бірінде мұндай қымбат құрылғы бірнеше жыл бұрын орнатылған болып шықты. Ол жердің әкімшісі Ғалия Ғафурова арнайы жабдықтың, шынымен де көмегі мен пайдасы зор екенін айтады.
“Егер орташа есеппен алсақ, тәулігіне 3 тонна суды үнемдеуге болады. Жабдықты 2010 жылы сатып алғанбыз, алты жыл бойына жұмыс істеп келеді, ешқандай ақауын байқамадық” дейді ол.
Алайда мұндай үнем тәсіліне кәсіпкерлердің көбісі жүгіне бермейтін көрінеді. “Алматы Су” холдингі таратқан мәліметте, қалада 319 автокөлік жуатын орын бар, оның тек 179-ы арнайы құрал-жабдықпен жабдықталған. Арнайы мекемедегілер бұл тексерудің әлі бірнеше күнге жалғасатынын айтып отыр.