Алматыда қару кезенген жігіт көшедегі адамдарға оқ атты (видео)

2 508 просмотров

Шамадан тыс психотроп дәрілерді ішіп алған алматылық қолына қару алып, көшеге шықты. Алдын ала келтірілген мәлімет бойынша, одан бір адам зардап шеккен.

Алматы қаласы Бостандық ауданында шамадан тыс психотроп дәрілерді ішіп алып, адамдарға қару кезенген жас жігіт ұсталды деп хабарлады 365info.kz.

Алматыдағы Егізбаев көшесі, №7/1 тұрғын үй кешенінің ауласында түске таман үстіне қыстық куртка, қолына қолғап, басына  велосипед каскасын киіп, бетін маскамен тұмшалаған ер адам пайда болған.  Қолында екі пышағы мен травматикалық тапаншасы бар жас жігіт біраздан соң айналасындағыларға оқ ата бастаған.

Куәгерлердің айтуынша, ол өзін өлтіремін деп айғайлаған.

Болған оқиғаға аулада ойнап жүрген балалар куә болған. Олардың айтуынша, бір адам жарақаттанып, оны жедел жәрдем көлігі алып кеткен. Бірақ дәрігерлер, бұл мәліметті растамады.

— Бізге шақырту түсті. Көшеде қаруы бар бір ер адам жүр, жаралы адам бар деді. Бірақ біз бұл араның барлығын шарлап шықтық, жаралы адамды таппадық. Естуімізше, бозбала анасымен ұрсысып қалған, одан кейін көп психотроп дәрі ішіп қойған. Соның салдарынан оның басына бірдеме болған секілді, — дейді жедел жәрдем көлігіндегі қызметкерлер.

Жас жігітті ата-анасы сабырға шақырып, оның қолындағы қаруды әкесі алған.

Тапа-тал түсте елге шабуылдаған жігіт ұсталып, аудандық ішкі істер департаментіне жеткізілді.

Загрузка...