Алматы облысында малын 6 миллион теңгеге сатып үйіне оралмаған ағайынды 3 жігіт табылмай жатыр

6 653 просмотров

Алматы облысында мал сатып жүрген 3 жігіт іс-түссіз жоғалып кетті. Ұзынағаштағы мал базарына бақандай 40 бас ірі қараны алып шыққан ағайындылар сол күйі ауылдарына оралмаған.

Бұл туралы КТК хабарлайды.

Жігіттердің әлдебіреулермен бағаға келісіп, мал тиелген екі жүк көлігімен тауға қарай кеткенін көргендер бар. Тек сол көліктердің бірі бос күйінде тау арасынан табылса, екіншісін тіпті өртеп жіберіпті.

-Малымен қоса жоғалғандардың базардан мініп кеткен көліктерінің бірі қазір Алматы облысындағы ауыл арасындағы жолдардың бірінен табылып отыр. Жем-шөбі ішінде сол күйі жатыр. Қазір полиция қызметкерлері көліктен қол іздерін алуда.

Көліктің алдыңғы мемлекеттік нөмірі алып тасталынған. Артқы нөмірін де шешпек болғаны көрініп тұр. Ішінде киім-кешек, малдың қоршауы да тұр. Тек ірі қараның өзі мен иелері жоқ. 40 бас сиырды өткен демалыста Жарқынбек, Қаділбек, Мұқият есімді үш ағайынды жігіт әкелген екен. Содан бері ешқайсынан хабар жоқ. Қамкөңіл жақындары олардың тірі екеніне сенімді. Сондықтан аман-есен қайтарса деп сұрап отыр.

Тұрсын Әмірбайұлы, жоғалғандардың әкесі:

-Малын қайтеміз енді.  Ол адамдар қателескен шығар, жаза басқан шығар. Оларды жазаға тартпаймыз.  Бізге адам керек, отбасына аман-есен оралса болғаны. Балалары улап- шулап жатыр, өте ауыр халде, аналары ауруханаға түсіп қалды.

Үш бірдей ұлынан көз жазып қалған әке өзін қоярға жер таппай жүр. Айтуынша, балалары бес жылдан бері мал саудасымен айналысып келеді. Бірақ, малдың иесімен қоса жоғалуы бұл бірінші жағдай екен. Айдаладан табылған көлікті көргенде бауырлары шыдай алмай жылап та жіберді.

-Көлікті шығарып тастайық, керек емес!

Ал екінші көлік осы арадан 15 шақырым жердегі Қаншеңгелді ауылының маңынан өртенген күйі табылып отыр. Куәгерлердің айтуынша, ағайындылар 40 бас ірі қараны түгел сатып аламын деген адаммен 6 миллион теңгеге келіскен екен. Бірақ, әлгі сатып алушы «ақша үйде» деген сылтаумен жігіттерді өзімен ерте кеткен.

Мұратхан Арыстан, оқиға куәгері:

-Малды саттық, бірақ ақшасын әкеп берген жоқ, ақшасы келе жатыр деді. Одан былай солға қарай шықты да кетіп бара жатты екі КАМАЗ. Орталарында үш шағын  машина еріп бара жатқанын көрдім.

Кәрімбек Нығметұлы, оқиға куәгері:

-Өте көңілді тұрды.  Мен малымды сатып жібердім, бірақ ақшасын алғам жоқ, деді. Осы Ұзынағаштың көлемінде бір қырық шақырым жер шамасы.  Мен ашылып сұрамадым қай ауыл, қай жер деп.

Жарқынбек Долданов, Қаділбек Әлемхан мен Мұқият Зарылқанның әрқайсысының үшеуден бала-шағасы бар екен. Ең кішісі небәрі -1 жаста. Полициядан бөлек жоғалғандарды жора-жолдастары мен туыстары жабылып іздеп жүр. Сорақысы сол, күдіктілер тау арасымен кетіп, тіпті тас жолдағы қаптаған бейнекамераға да түспеген.

eeee

Загрузка...