Алматы облысында мал сатқан үш жігіт жоғалып кетті

458 просмотров

Талдықорған қаласына жақын маңдағы Көксу ауданының 3 тұрғыны мал сатуға барған Алматы жақтағы Ұзынағаш базарында із-түзсіз жоғалып кетті. Ал мал тиеген көліктің бірі Алматы-Астана тас жолы бойынан табылған. Ол өртеніп кетіпті.

Бұл туралы Baq.kz редакциясына үш жігіттің тағдырына алаңдаулы туған-туыстары хабарлап, іздестіру жұмыстарына көмек көрсетуді сұрады.

Мал саудасын кәсібіне айналдырған 1979 жылғы Долданұлы Жарқынбек, 1973 жылғы Зарлыханұлы Мұқият пен Әлімхан Қадылбек есімді жігіттер Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданынан 40 бас мал сатып алып, оны екі жүк көлігімен 17-қыркүйек, сенбі күні, Алматы маңындағы Ұзынағаш базарына шығарған.

Алматы облысы Көксу ауданы Қазақстан ауылының тұрғыны Тұрсын Әмірбайдың айтуынша, жоғалған үш жігіт сол күні базарға шығарған малдары өтпей, келесі күні, яғни жексенбіде, қайта базарға барады. Сол кезде оларға бір азамат келіп, «малдарыңды түгелдей мен сатып аламын» деп, әр бас малға 143 мың теңгеден баға қояды әрі Ұзынағаштан 40 шақырым шалғайда орналасқан ауылына жеткізіп беруін өтінеді.

Келісім бойынша аталған үш жігіт 40 бас мал тиелген екі жүк көлігімен базардан шығады. Оны көрген бір куәгер малдарды сатып аламын деп келіскен адамның да түрін жаттап алған.

«Сол күні түстен бастап үш жігіттің қалта телефондары өшкен. Содан бері ешқандай хабар да, дерек те жоқ. Егер малдары шынымен сатылған болса қалталарында 5 миллион 720 мың теңге көлемінде ақша болды деген сөз. Не өлі, не тірі екенінен бейхабармыз. Бауырларымды іздеп табуға көмектесіңіздерші», – дейді дерексіз кеткен жігіттердің ағайыны Адал Зарлыхан есімді азамат.

Оның айтуынша, дүйсенбі күні түстен кейін Алматы-Астана тасжолы бойындағы Қаншеңгел ауылы маңында үш жігітке тиесілі жүк көліктерінің бірі өртенген күйде табылған. Сол күні кешке қарай өртенген көліктің жанынан жеңіл көлікке мінген екі жігіттің кетіп бара жатқанын, аздан соң өртенген машинаны өзге біреулердің барып өшіргенін көрген куәгерлер де табылды.

Қазір бұл іспен Алматы облысы Жамбыл аудандық полицейлері айналысып жатқан көрінеді.

Әзірге, іздеу жұмыстарынан ешқандай нәтиже жоқ.

Загрузка...