Алматы облысының Ақши ауылында жеке үйлердің бірінің дәретханасында табылған нәрестенің анасы ұсталды.
Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлайды.
Дәретханадан табылған шақалақтың анасы 1992 жылғы бойжеткен болып шықты.
“Көкек ана Қарасай ауданында тіркелген. Ол босанған үйге қонақ болып келіп жүрген. Үйдің иелері – оның туыстары. 2 жыл бұрын да ол осындай қылмыс жасаған. Ол кезде бала шетінеп кеткен. Бұл факті әлі анықталады. Тергеу амалдары жүріп жатыр”, – деп хабарлады облыстық ІІД өкілдері.
Куәгердің айтуынша, қыздың салмағы – 3,3 келі. “Кейбір мәліметтерге сүйенсек, қыз әжетхананың ішінде туған. Нәрестені төрт метрлік шұңқырдан алып шықты”, – деді куәгер. Оның айтуынша, қыз 4 шілдеде таңғы сағат 7-де табылған. “Үйдің қожайыны әйелді көрмепті. Ол таңғы сағат 7-де нәрестенің жылағанын естіп, сыртқа шыққан. Содан жедел жәрдем қызметкерлерін шақырып, нәресте жергілікті ауруханаға жеткізілді. Кейіннен оқиға орнына полицейлер келіп, қыз облыстық ауруханаға жеткізілді”, – деді куәгер.
Облыстық балалар ауруханасы емдеу ісі директорының орынбасары Арман Тойбековтың айтуынша, нәрестенің жағдайы қалыпты. “Қызға аздап суық тиген, бірақ дене температурасы қалыпты. Ауруханада тағы 10 күндей ем алады”, – деді дәрігер.