Ал әженің өзі балаларының аты-жөнін, мекен-жайын атаудан үзілді-кесілді бас тартқан.
Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханасына 3-тамызда әжей келіп түскен. Содан бері ол кісіні ауруханаға ешкім іздеп келмеген. Ал бүгіндері ем алып біткен қария өзінің туған-туысы көп екенін, бірақ үйіне оралғысы келмейтінін айтып, ауруханадан кетпей отыр деп хабарлады Zakon.kz.
– Ол кісіні 3-тамызда Әуезов аудандық ішкі істер департаментінің қызметкерлері алып келді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы бойынша бізге жолданыпты. Бірақ сол уақыттан бері бізге әжейді іздеп ешкім келмеді, полицияға да бұл негізде ешқандай арыз түспепті, – дейді №7 қалалық клиникалық ауруханасының неврология бөлімінің меңгерушісі Гүлжахан Жакенова.
Әжейдің айтуынша, оның екі ұлы, немересі, шөбересі бар көрінеді. Қазақстанның әр түкпірінде қонақта болады екен. Соның ішінде Алматыға да келіп тұрады. Бірақ қарт ана балаларының аты-жөнін атаудан үзілді-кесілді бас тартқан, оның бір ұлы шенеунік көрінеді, ал немерелері шетелде оқитын секілді.
Әжей жасының 124-ке келгенін айтады. Алматы облысы, Бестөбе ауданы, Правда совхозында тұратын көрінеді.
Гүлжахан Жакенова әжейдің өзін үйіне жіберуін сұрап отырғанын айтады. Оны үйіне апарып салмақ болып, туған-туыстарын іздеген. Бірақ әжей артынан үйіме бармаймын деп тулап шыққан. Қарияның жанында құжаты болмапты, бірақ ақшасы бар екен.
Дәрігерлер әжейдің алжи бастағанын да байқапты. Қарт ана жөн-жосықсыз айқайлап, жан-жақтағыларын балағаттап, ұрса жөнеледі екен.