Нұр-Сұлтан
Қазір
21
Ертең
19
USD
449
+0.08
EUR
478
+1.11
RUB
4.76
-0.01

„Алматы-Атырау„ бағытындағы жолаушылар пойызынан ірі көлемде есірткі тәркіленді

Қызылорда станциясындағы ішкі істер желілік бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары кезінде «Ральф» атты қызметтік иісшіл иттің көмегімен «Алматы-Атырау» бағытындағы жолаушылар пойызының вагондарының біріндегі пойыз жолсерігінің купесінен иесіз қорапты тапты.

Тексеру кезінде қорап ішінен өзіндік иісі бар жасыл түсті өсімдік тектес зат табылып, тәркіленді.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленіп алынған зат жалпы салмағы 1 келі 642 грамды құрайтын «кептірілген марихуана» болып шықты.

Жолсерік аталған қорапты Алматы станциясынан вагон тіркеушісі беріп жібергендігін айтқан. Бұдан соң көлік полицейлері пойыз Атырау стансасына келіп тоқтағанда бұрын сотталған, Оңтүстік Қазақстан облысының 31 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады.

Күдіктінің айтуы бойынша, ірі көлемдегі бұл есірткі затын жеке өзінің қолдануы үшін оған 30 жастағы немере інісі жіберген.
Аталған факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне ҚР қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-тармағы, яғни „Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау„ бойынша тіркелді.

Күдікті Атырау қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған факт бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетейік, Көліктегі ішкі істер департаменті бөлімшелерімен ағымдағы жыл басынан бері есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты 259 қылмыс пен қылмыстық теріс қылықтар анықталған. Оның 8 фактісі заңсыз есірткі тасымалына, 56 фактісі заңсыз сақтау мен 5 фактісі есірткі заттарын контрабандалық жолмен алып өтуге қатысты болып келеді.

Есірткі заттарының заңсыз айналымынан 1 тонна 408 келі түрлі есірткі заттары тәркіленді, оның ішінде 2,5 келіден астам героин есірткі заты да бар.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз