Алимент мөлшерін белгілеу тәртібін қайта қарауды ұсынамыз. Бүгінгі күні ол борышкердің еңбекақысының үлестерінде айқындалады және балалардан гөрі әкенің мүдделері ескерілген.
Бұл туралы ҚР Бас Прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель Алименттер өндіріп алу жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында айтты.
Оның айтуынша, айлакер борышкерлер заңды айналып өтудің тәсілін бұрыннан игеріп алған.
– Олар жалақысы төмен жұмыстарға орналасқан жағдайларды мысалға келтіріп өттім. Немесе айлықтарын әдейі түсіріп көрсетеді. Содан кейін, заңды түрде балаларына 5-6 мың теңгеден аударып отырған. Бүгін бұл ақшаға баланы тамақтандыруға, киіндіруге бола ма? Сондықтан баланың мүдделері басым болуы тиіс деп ойлаймыз. Баланың жасына қарай алименттердің базалық мөлшеріне заңмен кепілдеме берілуі тиіс. Борышкердің табысын да ескеруді ұсынамыз. Бірақ, тек мынадай принцип бойынша – еңбекақы қаншалықты жоғары болса, алименттердің минималды мөлшері соншалықты жоғары болуы тиіс, – дейді Иоган Меркель.