Сирияның Алеппо қаласындағы құтқару қызметінің жұмысшылары үкімет авиациясы халық көп орналасқан аймаққа хлор қосылған бомба лақтырды деп хабарлайды.
Ондаған тұрғындар жараланған. Сирия билігі өзінің халқына қарсы улы заттар пайдаланып отыр деген айыптаулар осының алдында да айтылған. Бірақ олар тыйым салынған химиялық затты пайдаланғандарын жоққа шығарады.
Өткен айда Алеппода әскердің хлор қолданғаны жөнінде екі рет хабарланған. Бірақ Сирия президенті Башар Асад режимі уландыратын газды оппозиция қолданып отыр дейді.
Алепподағы әуе шабуылдары салдарының медициналық есебі сейсенбі күні журналистерге смс-хабарлама арқылы тарады. 70-тен астам адам зардап шеккен. Олардың ішінде балалар, әйелдер бар. Дәрігерлер оларға барынша көмек көрсетіп жатыр. Куәгерлер зардап шеккендердің киімдерінен хлор иісі шығады дейді. 10 адам ауыр жағдайда, оның ішінде жүкті әйел де бар.