Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
1
USD
450
-0.49
EUR
487
-1.57
RUB
4.86
0.00

Қайрат Лама Шариф: “Намаз оқымайтын адамды кәпірге жатқызу – салафиттердің сүйікті әдеті”

BD5957A8-B91B-49A9-8079-D915BD099E2D_w610_r0_s

Лама Шариф

Бүгінгі экстремистің бет-бейнесі қандай?

“Бүгінгі экстремистің портреті жалпы кескінінде мынадай: шетелден келген идеялық бағдарларды қабылдаған және де идеологиялық манипуляция елегінен өткен 20-30 жастағы адам. Бұған әлеуметтік түйткілдер шоғырын да қосқан жөн. Өйткені барша адам субъективті яки объективті себептерге байланысты өмірден өз орнын, яғни, Ұлы Абай айтқан, «дүниеден өз кетігін тауып, кірпіш болып қалана» алмауы мүмкін.

Бәлкім, оларға университетке оқуға түсіп, жоғары жалақылы қызметке тұру қол жетпес арман шығар?

Осыдан да бірқатар әлеуметтік игіліктерден шеттетілгендей болып жүрген жас өзіндік бір реваншқа бой ұруы ықтимал. Бұл мақсатына жету үшін ол қандай да бір ықпалды топтың немесе қоғамдық күштің мүшесі болуға ықылас білдіреді. 1990-жылдары жастардың қылмыстық топтарға кіруге ұмтылғаны есімізде. Кейіннен бұл сәннен қалды, тіпті маңызды болмай қалды.

Ал бүгінгі маргиналдық қуатты сыртқа шығарудың бір арнасы — діни экстремизм.

Сондықтан да экстремист дегеніміз ең алдымен — күнделікті проблемалар батпағына батқан жан. Бұл — идеологиялық, әлеуметтік, қаржылық яки психологиялық мәселелер. Рас, кейде адамның жағдай дұрыс болуы мүмкін: жоғары білімді, жақсы қызметі бар, үлгілі отбасылы, керек десеңіз, аса дарынды. Дегенмен ол радикализмнің соңынан еріп кете барады. Бұл жердегі себеп — психологиялық тұрақсыздық”.

Сақал мен хиджаб мәселесі — әркімнің жеке шаруасы

Бұл тек исламға ғана тән ерекшелік емес. Біз сақалды православ христиан мен басын бүркеген христиан әйелдерін де кездестіре аламыз. Осы себепті де сақал мен киімді нақты бір құбылыстың белгісі деуге болмайды.

Бұған қоса, экстремистік мақсаттағы адам жұрт санасында қалыптасқан образдан қашып, әдейілеп сыртқы кейіп келбетін өзгерте салуы да мүмкін. Осылайша, зайырлы қоғамдастыққа тастай батып, судай сіңіп, өзінің көздеген мақсаттарын індетіп жүре беруі мүмкін. Алыс-жақын шетелдердегі радикалдар баяғыда-ақ осы тактиканы басшылыққа алған, бізде де олар кейінгі кезде осы әдіске көше бастады.

Салафизмнің Ханафи мәзһабынан басты айырмашылығы неде?

«Мәзһаб» сөзінің өзі «бағыт, дұрыс жолға шақыру» дегенді білдіреді.  Фикх бойынша мәзһабтар бар, яғни ислам құқығы бойынша және де ақида бойынша, былайша айтқанда, сенімге негізделген мәзһабтар бар. Шариғаттың құқықтық мектептері бір бөлек те, өзіндік құдайтанушылық танымдарын алға тартқан мектептер бір бөлек.

«Мәзһаб» деп құқықтық мектептерді, ал құдайтанушылық мектептерді «ақида» деп атайды. Бұл — қалыптасқан үрдіс. Осы екі белгіге қарап-ақ исламдағы барша бағыттарды классификациялауға болады. Дегенмен де мәзһаб пен ақиданың мүлдем екі бөлек нәрсе екенін ұғып алған жөн…

Салафизм кең таралған елдер қатарына Сауд Арабиясы және де онымен жапсарлас жатқан Парсы шығанағы елдері жатады.

Оларда Ханбали мәзһабы басымдыққа ие. Дегенмен салафизмнің өзі бір мәзһабты ұстануды міндетті деп білмейді, ал кейбір салафи ғұламалар мұндайды басы бүтін жоққа шығарады. Осы себепті де, кеше ғана намаз үйренгеніне қарамастан, қандай да бір «мәзһабтың қажеті жоқ» деп, негізсіз жар салатын салафи қаракөз жігіттерді кездестіре аламыз.

Салафиттер «салафтардың таза ақидасын ұстанамыз», яғни «алдыңғылардың жолымен жүреміз» деп даурығады. Ислам дәстүрінде алғашқы үш толқын, яғни Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) сахабалары және де одан кейінгі мұсылмандардың екі толқыны осылай аталады. Алайда дәстүрлі құдайтанушылық мектептерінің көптеген өкілдері мұнымен еш келіспейді.

Сонымен қатар Қазақстандағы салафиттердің  көпшілігі қазақ салт-дәстүрлерін «бидғат» («рұхсат етілмеген жаңалық») немесе «ширк» (Аллаға серік қосу) санай отырып, түбегейлі жоққа шығарады. Бұл ретте олар қазақтардың кейбір ұлттық дәстүрлерінің пайда болуының тарихи себептерін түсінуге тырыспайды.

Қоғамымызда орын алған тағы бір даулы мәселе – біздің салафи деп есептелетін діндарлар саудиялық шейхтердің өз азаматтары —саудиялықтар үшін шығарған пәтуаларын жиі қолданып, ойланбастан ел ішінде насихаттап жүр. Бірақ ислам дәстүрінде пәтуаларды әр елде өзінің мүфтиі шығаратыны жұртқа белгілі.

Бір мәселе бойынша үкім нақты бір қоғамдағы жағдайларға байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Тағы да қайталап айтамын, бұл — ислам құқығының негіздері. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағаланың адамдарды әртүрлі қылып жаратқандығы туралы айтылады («Әй, адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық). ( «Хужурат» сүресі, 13-аят).

Қазірдің өзінде салафиттер 2000-жылдардағыдай емес, өздерін анағұрлым сақ ұстайды. Кейбіреулері тіпті күнделікті тұрмыста дәстүрлі Ханафи мәзһабын қабылдауға әзір, қала берді мешітте отырғанда, имамдар өтініп жатса, «Әмин» деп айғайлауын да қойып келеді.

“Өзін-өзі жаратындар, полиция қызметкерлерін атып жатқандар кімдер?”

“Мұны тәкфіршілер мен жихадшылар жасап жатыр. Шынтуайтында, бұл бір үдерістің екі сатысы, тәкфір мен жихад жариялаудың арасы — бір-ақ қадам.

Өздерінің құдайтанушылық көзқарастары бойынша олар салафилерге жатады, яғни салафи ақидасын ұстанады, әйтсе де саяси тұрғыда, Мысыр радикалы, 1966 жылы өлім жазасына кесілген, кейде бүгінгі мұсылман әлеміндегі барша экстремистік ағымдардың «өкіл әкесі» атанып жүрген Саид Кутбаның әдісіне сәйкес әрекет етеді.

Сондай-ақ ол — «Мұсылман бауырлар» қозғалысының радикалды қанатының идеологтарының бірі. Сондықтан да біз тәкфиризмді діни экстремизмнің ең бір қатерлі түрі ретінде танимыз.

Тәкфір” дегеніміз не?

Бұл сөз «сенбеу», «кәпір», «дінге сенбейтін» деген мәндегі «куфр» сөзімен түбірлес. Тәкфір жасау дегеніміз дінсіз деп жариялауды білдіреді. Мысалы, Қазақстандағы тәкфіршілердің ең сүйікті әдетінің бірі – бес уақыт намазын оқымайтын мұсылман баласын кәпірге жатқызу, яғни бұл дегеніңіз — айналамыздағылардың басым бөлігіне саусақ шошайту, күл шашу.

Бұл барлық дәуірлердегі ислам ғалымдары ұстанған  қағидаларға қайшы келеді.

 

 

 

 

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз