«Ахметов ісі» бойынша сотталған тағы бір адам қамаудан босады

44 просмотров

Қарағанды қаласы жер қатынастары бөлімінің бұрынғы бастығы, экс-премьер Серік Ахметов ісі бойынша сотталғандардың бірі — Ернар Дәрібеков мерзімінен бұрын шартты түрде босап шықты.

Бұл туралы Қарағандының Абай аудандық сотына сілтеме жасаған Tengrinews.kz сайты хабарлайды. Ернар Дәрібеков өткен жылы желтоқсанда коррупциялық қылмыс жасады деген айыппен үш жылға сотталған. Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасы оның жазасын екі жылға азайтқан.

Биыл мамырда осы іс бойынша сотталған Қарағандының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов та мерзімінен бұрын шартты түрде босаған. Мамырда сот Қарағанды облысының экс-әкімі Бауыржан Әбдішевті мерзімінен бұрын шартты түрде босатқан.

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов пен Қарағанды қаласы және облысының бұрынғы шенеуніктерінің ісі бойынша сот 2015 жылы желтоқсанда аяқталған. Іс бойынша 21 адам сотталған. 12 сотталушы үкімге қарсы шағым берген. Биыл наурызда апелляциялық инстанция Серік Ахметовтің жазасын 10 жылдан 8 жылға азайтқан.

Сот Серік Ахметовті «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты» және «өкілетін асыра қолданды» деп айыптап, 10 жылға соттаған. Сот Ахметовтің дүние-мүлкін тәркілеуге үкім етіп, 5 жыл мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салған.

Загрузка...