Адвокат: Руслан Күлікбаевтан қорғаушылар бас тартты деген бекер сөз

373 просмотров

Алматыда террорлық акт ұйымдастырған Руслан Күлікбаевтың ісіне қатысты басты сот отырысы алдында айыпталушылардың бірі Ербол Құсайыновтың адвокаты Шамиян Жайылқанов мұндай қанды іске қатысушыларға неге қорғаушы болуға келіскенін айтты.

Бұл туралы сот залынан ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

— Біз дәрігерлер секілді алдымызға келген адамның кім екеніне қарамастан қорғауға міндеттіміз.

Руслан Күлікбаевты қорғаудан адвокаттар бас тартты деген әңгіме — бекер.

Мемлекет адвокатты бекітеді, ол оны қорғауға міндетті. Маған да ағайын-туыстарым, отбасымдағы адамдар тарапынан не үшін мұндай істе қорғаушы болуға келістің деген тарапта сын айтылып жатыр.

Менің қорғауымдағы айыпталушы Құсайынов Ерболдың аталған терактіге еш қатысы жоқ.

Руслан Күлекбаевтың қылмыстық істі ұйымдастырудағы жоспарынан бейхабар болған. Менің қорғауымдағы адамды ұрлық, қарулы шабуыл жасады деп айыптап отыр.

Жәбірленуші Мещериковті Руслан Күлікбаевпен бірге тонады деп айыптаған. Мещериковтің өзі де, оның көршілері де жәбірленушіні Күлекбаевтың жалғыз өзі тонағанын айтып, куәлік берді.

Күлікбаев оның сөмкесін ұрлап кеткен, сөмкеде «айпад» қана болған, — деді Шамиян Жайылқанов.

Айта кетейік, бүгін Алматыдағы тергеу абақтысында Руслан Күлікбаевтың ісіне қатысты басты сот отырысы басталды.

Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Руслан Күлікбаевқа қатысты қылмыстық істі аталған сот судьясы Ерлан Болатов жүргізіп жатыр. Күлікбаев бірнеше қанқұйлы тонау және қарақшылық әрекеттерге қатысты болып отыр. Бұған дейін хабарланғандай, тергеу тобы 57 сот сараптамасы мен зерттеулер жүргізді және болған оқиғаның барлық жәйттерін анықтау мақсатында 200-ден астам куәгерлер мен оқиғаны көрген адамдарды тергеді. 2016 жылдың 12 қазанында 61 томнан тұратын қылмыстық іс сотқа жолданды.

Руслан Күлікбаевқа 8 құқық қорғау және арнайы орган қызметкерлерін және 2 бейбіт тұрғынды өлтірді, террорлық акт жасады деген айып тағылды. Сонымен қатар, ол 3 бейібіт тұрғынды өлтірмек болды деп айыпталып отыр.

Сондай-ақ, Руслан Күлікбаевпен бірге сотқа атыс қаруын заңсыз сақтап, өзімен бірге алып жүріп, дайындап, Р.Күлекбаевпен бірге М. атты кәсіпкердің үйіне қарақшылық шабуыл ұйымдастырған Р.Лю, Ж.Сапарбеков, Д.Әсембекұлы, Е.Құсайынов, Н.Әбдімомын да сот залында.

Загрузка...