Ақтөбедегі шабуылды зерттеуге прокуратура көмектеседі

41 просмотров

Ақтөбеде 5 маусымда болған қарулы шабуылды зерттеуге прокуратураның процессуалды тобы жәрдемдеседі. Осы топтың мүшесі, аға прокурор Амангүл Жұмағалиеваның айтуынша, топқа облыстық прокуратураның тергеу басқармасының төрт процессуалды прокуроры қосылған.

«Процессуалды прокурорлар оқиға болған орынды тексеруге, қарулы шабуылға қатысты істегі күдіктілер мен куәгерлерді тергеуге қатысып қана қоймай, тергеушілерге кеңестер береді. Сотқа дейінгі тергеу сапасы артады, зерттеу уақыты біршама қысқарады», — деді Амангүл Жұмағалиева.

Аға прокурор Амангүл Жұмағалиева, қылмыстық-процессуалдық кодекстің талаптарына сүйене отырып, содырлар тобы жүзеге асырған қарулы шабуыл жайлы ешқандай мәлімет берген жоқ.

5 маусымда Ақтөбеде қарулы топ екі қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге шабуылдаған еді. Ресми мәлімет бойынша, шабуыл салдарынан жеті адам оққа ұшты, шамамен 40 адам жараланды. Алты күнге созылған арнайы операция нәтижесінде 18 күдікті өлтіріліп, бірнешеуі қолға түскен. Қазақстан билігі шабуылды «шетелден тапсырыс алған радикалды діни топтың өкілдері» жасады деп мәлімдеді.

Загрузка...